Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

06 қараша 2016

6093

Пәтуалар

Құрамында спирті бар дәрі-дәрмекті қолданудың үкімі қандай?

Шариғатта жалпы барша заттың негізі «таза» болып табылады. Тек шариғи дәлел ғана «таза еместігін, нәжіс екендігін» көрсетсе ғана лайықты үкімі беріледі. Ислам ғұламалары: «Харам нәрсені нәжіс деп атауға өкілеттілігіміз жоқ. Себебі оны нәжіс деп үкім шығару үшін шариғаттан дәлел керек»,-деген көзқарасты алға тартқан.  Мәселен  есірткі мен удың үкімі харам. Бірақ негізі таза.

Өйткені олардың нәжістігіне шариғи дәлел жоқ. Кез-келген  нәжіс харам болғандығымен  харам нәрсенің бәрі нәжіс емес. Сондықтан спирт мас ету себебінен харам болғанымен нәжіс емес. Құранда үкімі харам болып бекіген  «хамр» сөзі жүзімнен жасалған шарапқа айтылады. Имам Ағзам мәзһабында шарап  харам әрі нәжіс болғандықтан тиген жерлерін нәжіс етсе, ал спирт тиген жерлерін нәжіс етпейді. Шафиғи мәзһабында шараптың санатына барлық мас етуші ішімдіктер кірген. Олардың барлығы нәжіс деп те үкім берілген. Алайда нәжіс деп үкім берілсе де спирттік сұйық заттар араласқан дәрілерді қолданудың оғаштығы жоқ деп санаған. Құрамында спирті бар иіс сулар немесе спирт араласқан сұйық заттар денеге, киімге  тисе нәжіс болмайды. Спирт тиген жерді жуу да міндетті емес. Өйткені спирт тез кеуіп кетеді. 

Қазіргі таңда көптеген дәрілерге азды-көпті белгілі бір мөлшерде спирт қосылады. Спиртті қосудағы мақсат науқасты мас ету  емес. Бар болғаны  дәрі құрамындағы кейбір заттардың еруіне мұқтаждық бар. Сол себепті спирт қосылады. Сондай-ақ дәрінің құрамы уақыт өте келе өзгеріске түспеу үшін және ұзақ мерзімге сақтау үшін де аз мөлшерде спирт қосылады. Ғалымдар шариғи үкімі нәжіс, харам нәрселер басқа нәрсеге араласып, қасиеті мен сипатын жоғалтса яғни, иісі, реңі, дәмі де қалмаса таза болады деген. Әйгілі имам, мулла Нұруддин Әли ибн Сұлтан,  имам Ұбайдулла ибн Масғұдтың «ән-Нуқая» атты еңбегіне жазған «Фатху-Бәбил-Ғиная» атты түсіндірмесінде былай дейді: «Нәжістің күлі немесе т.б (нәжістердің үкімі) таза болып табылады. Яғни, тұзды жерде өліп, тұзға айналған есектің үкімін алады. Сондай-ақ шариғатта негізі ұрықтың (сперманың) үкімі нәжіс. Уақыт өте келе жатырға түскен ұрық ұйыған қанға айналады. Оның үкімі де нәжіс. Кейін әлгі ұйыған қан бір шайнам етке айналады. Оған таза деген үкім беріледі. Сонымен қатар шариғатта жүзім сусынының үкімі таза. Егер ашытылып шарапқа айналса, үкімі нәжіс болады. Ол тағы да бір өзгеріске ұшырап сірке суына айналса, үкімі таза болады. Осылайша біз қандайда бір заттың негізінің басқа бір затқа айналуы әуелгі қасиеті мен сипатын жоғалтатындығын білеміз. Өйткені оның табиғаты және көрінісі өзгеріске ұшырады»[1]. Демек спиртті ішу адамды мас күйге түсіретіндіктен тыйым салынады. Алайда дәрінің құрамына химиялық қоспалардың араласуы арқылы спирт өзінің қасиеті мен сипатын жоғалтса таза болып есептеледі. 

Үкім:

  1. Спирт ішуге шариғи тұрғыдан тыйым салынады. Алайда нәжіс емес.
  2. Құрамында спирт болған дәріні дененің сыртына (жағуға) қолдануға болады.
  3. Егер спирт қандайда бір дәрінің құрамында болып, қасиеті мен сипатын жоғалтса ішуге болады.
  4. Ал егер спирт қандайда бір дәрінің құрамында болып, қасиеті мен сипатын жоғалтпаса төмендегі шарттарды ескере отырып ішуге болады:
    а. Аса зәру жағдайда, құрамында спирті бар дәрінің орнын басатын таза дәрі болмаса;
    ә. Құрамында спирт қосындысы бар дәрі науқастың оңалуына септігі тисе;
    б. Құрамында спирт қосындысы бар дәріні міндетті түрде жоғары білімді, білікті дәрігердің рұқсатымен қолдану қажет.
    والله اعلم بالصدق و الصوابҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі

Бөлісу: