
ИСЛАМДА АҢШЫЛЫҚ ҮКІМІ
Шариғатта аңшылыққа рұқсат берілген. Ол туралы Құран Кәрімде:
وَإِذَا حَلَلْتُمْ فَاصْطَادُواْ
«Ихрамнан шыққаннан» кейін (қаласаңдар) саятшылық құрыңдар»[1] – дей отырып, келесі аятта:
يَسْـَٔلُونَكَ مَاذَآ أُحِلَّ لَهُمْ ۖ قُلْ أُحِلَّ لَكُمُ ٱلطَّيِّبَٰتُ ۙ وَمَا عَلَّمْتُم مِّنَ ٱلْجَوَارِحِ مُكَلِّبِينَ تُعَلِّمُونَهُنَّ مِمَّا عَلَّمَكُمُ ٱللَّهُ ۖ فَكُلُوا۟ مِمَّآ أَمْسَكْنَ عَلَيْكُمْ وَٱذْكُرُوا۟ ٱسْمَ ٱللَّهِ عَلَيْهِ ۖ
«Олар сенен (азық түрлерінен) ненің адал екенін сұрайды. Оларға: «Сендерге таза әрі денсаулыққа зиянсыз азық атаулының бәрі адал етілді. Алланың сендерге үйреткені бойынша, аң аулауға баулыған жануарларыңның аулағандарын жеңдер. Оларды аңға салғандарыңда, «бисмиллә» деп Алланың атын атаңдар», – деп айт»[2] делінген.
Жоғарыдағы аяттың арабша нұсқасындағы «жауарих» (үйретілген жануар) сөзінің екі мағынасы бар. Біріншісі, тура мағынада азуымен немесе өткір тырнағымен жарақаттаушылар. Екіншісі, еңбектену деген ауыспалы мағынада қолданылады. Яғни аңшы еңбектеніп, аңды жарақаттап барып аулайды[3].
Қолға үйретілген, өткір тырнағы немесе азу тісі бар жануармен сондай-ақ қарумен де аңшылық жасауға болады. «Әл-Жамиғ ас-Сағир» кітабында: «Егер баулуға көнсе, сен үйреткен барлық азу тісті жыртқышпен және өткір тырнақты құстармен аңшылық жасауға болады»[4] деп жазылған. Имам Әбу Ханифаның пікірінше, аң аулайтын жануардың қолға үйренгенін аңшы анықтайды[5]. Бұл ретте, еті жеуге жарамды аң қорек үшін, ал жеуге жарамсыз жануар терісі мен жүні үшін, яки кәдеге жарату үшін ауланады. Осы орайда, аң қандай да бір пайда үшін емес, әншейін бекершілік, ысырап үшін ауланса, «макрух таһрими» болады. «Тануиру әл-Абсар» кітабында аңшылық тақырыбына қатысты: «Ермек үшін болмаса оған (аңшылыққа) рұқсат» деп айтылған. Сондай-ақ кәсіп ретіндегі аңшылыққа да рұқсат[6].
Имам Әз-Зухайли «әл-Фиқһ әл-Ханафи әл-Муяссар» кітабында Ханафи фиқһ кітаптарына сүйене отырып, аңшылықтың сегіз шартын көрсеткен:
- Аңшы жануар мен құсты жіберер алдында және оқты атар алдында «Бисмиллә» деп айтуы керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Адий ибн Хатимге былай деді: «Итіңді жіберер алдында Алланың есімін айтқан болсаң, онда (итің аулағанын) жей бер»[7]. Егер «Бисмиллә» сөзін ұмытып кетсе, оқасы жоқ. Бірақ «Бисмиллә» сөзін әдейі айтпаса немесе айту керек екенін білмесе, бұл аң адал емес;
- Ит немесе сол секілді аңға салатын басқа да жануар не құс үйретілген болуы тиіс. Ол иесі жіберсе аңға ұмтылып, шақырса қайтып келуі керек. Ит немесе аңды ұстаған жануар ұсталған аңды жесе, аң арамға айналады. Ал құс аңды аулағаннан соң жесе, адал саналады;
- Үйретілген жануар немесе құс аңды жарақаттау керек. Яғни, қолмен бауыздаған секілді қан ағуы тиіс. Аң мына жағдайларда арам болады:
– аң жануардан қашамын деп қандай да бір затқа соғылып өлсе;
– аңға салған жануар буындырып өлтірсе;
– қолға үйретілмеген болса;
– мажуси болса;
– Бисмиллә сөзі айтылмай жіберілген екінші бір жануар аңды ұстауға серіктессе;
- Аң адал болу үшін жануарды жіберген адам мұсылман яки әһли-кітап (христиан немесе яһуди) дінінде болуы керек. Ал егер муртад (діннен шыққан), пұтқа және отқа табынатын немесе атеист болса, ұстаған аңы желінбейді;
- Ұстайтын аң қолға үйренбеген, жабайы аң болу керек. Аң көзден таса болмауы қажет және аңшы артынан қуып отыруы шарт. Себебі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзден таса болған аңды аулауды құптамаған. Хадисте: «Бәлкім оны басқа аңдар өлтірген шығар»[8] деген. Келесі хадисте: «Сен садақ атып өлтіргеніңді көзіңмен көрсең, ол аңды же. Ал өлтіргеніңді көзіңмен көрмесең, жеме»[9] деп айтылған;
- Аңшы ұсталған аңға тірі кезінде жетсе, міндетті түрде бауыздауы керек. Себебі аңшының бауыздауға мүмкіндігі бар. Мұндай сәтте жарақаттау есепке алынбайды. Тірі болу дегеніміз: аң жарақат алғаннан соң бір күндей өмір сүруі. Егер аң жарақат алғаннан соң қашуды жалғастырып, көзге көрінбей кетсе, аңшыға аңның артынан қуу міндет. Аңды қуа отырып оған өлі күйінде жетсе, аң адал болады. Ал аңды жарақаттаған соң көзден жоғалған аңды іздемей, кейін өлі күйінде тапса, аң арам болады. Егер аң жарақаттанып суға түсіп өлсе, жеуге жарамсыз. Сондай-ақ жарақат алған аң төбеден құлап, соқтығып өлсе, ол аң арам саналады. Ал ешқандай затқа соғылмай жерге бірден құласа, адал болып есептеледі;
- Аң аулауға арналған қару өткір, жарақаттайтын болу керек. Сондықтан қарудың жарақаттап кесуінен аң өлсе – адал, ал соққыдан өлсе – арам болады. Қару мәселесінде қағида мынадай: «Аңның өлімі нақ жарақаттаумен болса, аң адал болады. Ал аңның өлімі жарақатсыз нақ соққыдан болса, аң арам болады. Егер күмәнді жағдай болса, сақтық ретінде аң арам болып есептеледі»;
- Аңның үзіліп түскен бөлігі желінбейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тіріден бөлініп қалған нәрсе, ол – өлексе»[10], – деген. Себебі үзілген жерінен басқа жері әлі тірі, үзіліп түскен жері арам болады. Егер аңды атқанда үшке бөлініп түссе және оның көп бөлігі артқы жағы болса немесе екіге бөлініп түссе, яки басы екіге я көпке бөлініп түссе, бұл жағдайдың бәрінде аңды жеуге болады. Егер аң екіге бөлініп түссе, оның көп бөлігі бас жағында болса, аң желінбейді. Себебі оның өмір сүру мүмкіндігі бар[11].
Ауланатын аңдар еті желінетін және желінбейтін болып екіге бөлінеді. Еті желінбейтін аңдар терісін, жүнін, қауырсынын, мүйізін пайдалану үшін немесе зардабынан сақтану үшін ауланады[12].
Шариғатымызда «Қызыл кітапқа» енген кейбір аңдар адал болғанымен, мемлекет заңына бағыну, оның тыйымына бойұсыну уәжіп болады. Қасиетті Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға бағыныңдар, Елшіге бағыныңдар, сондай-ақ, өз араларыңнан болған басшыларыңа бағыныңдар»[13], – деп бұйырылған. Сол себепті мемлекет тыйым салған уақытта «Қызыл кітапқа» енген аңдарды ауламаған жөн.
Жер бетінен жоғалып кету алдында тұрған аңдарды да өлтіруге болмайды. Алла Тағала барлық мақлұқатты тектен-текке жаратпаған. Хақ Тағала Құранда: «Ал сенің қасыңнан кеткеннен кейін (немесе) қолына билік тізгіні тигенде, жер бетінде бұзақылыққа басып, бар нәрсені қирату және егістікті (һәм адамзат үшін ауадай қажет болған басқа да тіршілік көздерін) және нәсілдерді жою мақсатында тынбай әрекет етеді. Алла Тағала бұзғыншылықты жақсы көрмейді»[14], – деп бұйырған.
Жан-жануарлар төлдеп, көбейетін кезде де аң аулауға тыйым салынады. Жануарды баласынан немесе анасынан айырып, обалына қалуды шариғат құптамайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сауынды малды бауыздама», – деп ескерткен.
ҮКІМ:
- Аңшы аң аулау немесе оқ атар алдында «Бисмиллә» сөзін айтуы тиіс. «Бимиллә» сөзін әдейі айтпаса, ол аң адал емес.
- Аң пайдалану үшін емес, ермек үшін ауланса, макруһ таһрими болып саналады.
- Аң аулаушы кісі мұсылман не әһлі-кітап иесі болу керек. Діннен шыққан, пұтқа не отқа табынатын және атеист адамның аулаған аңын жеуге болмайды.
- Аң аулауға арналған қару өткір, жарақаттайтын болу керек. Қарудың жарақаттап кесуінен аң өлсе, адал, ал соққыдан өлсе, арам саналады.
- Шариғат тұрғысынан рұқсат етілген аңдарды аулауға заңмен тыйым салса, басшыға бағыну – уәжіп.
ҚМДБ Ғұламалар кеңесі
[1] «Майда» сүресі, 2-аят
[2] «Маида» сүресі, 4-аят.
[3] Канзу дақаиқ-Сайд: 364
[4] Такмилату әл-Бахру ар-Райқ 8-445.
[5] Рамз әл-Хақайқ 2-398.
[6] Әл-Баззазия.
[7] Бұхари.
[8] Табарани.
[9] Табарани және Байһақи.
[10] Тирмизи риуаяты.
[11] Фиқһу әл-Ханафи әл-Муяссар 1-том, 399-401 бет.
[12] Фиқһу әл-Ханафи әл-Муяссар 1-том, 402-бет.
[13] «Ниса» сүресі, 59-аят.
[14] «Бақара» сүресі, 205-аят.