
ҰЛТАБАР (МӘЙЕК) ФЕРМЕНТІНІҢ ҮКІМІ
Мәйек – сүт еміп жүрген бұзау, қозы сияқты жас төлдің ұлтабарынан алынған, ірімшік жасауға пайдаланатын ашытқы[1].
Ірімшік жасауға қолданылатын ашытқы өсімдіктерден де, микроорганизмдерден де алынады. Алайда ұлтабар ашытқысынан жасалған ірімшік сапалы әрі ұзақ уақытқа шыдайды.
Жануарлардан алынатын мәйек ферментінің үкімі жануарлардың түріне және бауыздалуына қарай әрқалай болады:
- Шошқа және еті желінбейтін жануардан алынған мәйек. Ол – нәжіс, харам саналады. Ислам фиқһы академиясының 23-отырысындағы қарарда: «Мұсылманға шошқадан алынған ашытқыны және желатинді тағамға қолдануға рұқсат етілмейді»[2], – делінген.
- Еті желінетін әрі шариғатқа сай сойылған жануардан алынған мәйек. Жұмһур (ханафи, мәлики, шәфиғи, ханбали) ғалымдары оның таза, адал екендігіне бірауыздан келіскен[3].
- Еті желінетін, бірақ шариғатқа сай сойылмаған жануардан алынған мәйек. Бұған қатысты фиқһ ғалымдарының арасында екі көзқарас бар:
а) Жұмһур ғалымдары (мәликилер, шәфиғилер, ханбалилер) шариғатқа сай бауыздалмаған немесе өліп қалған жануардың ұлтабарынан алынған ашытқы лас деп айтқан. Өйткені өлген жануардың барлық бөлігі харам болғандықтан, ұлтабар ашытқысы да харам саналады деген[4].
ә) Имам Әбу Ханифа және имам Ахмад ибн Ханбалдың бір көзқарасында мұндай жануардан алынған мәйек таза болып есептеледі. Өйткені қойдың өлгені сүт пен мәйекке әсер етпейді. Ал имам Әбу Юсуф пен имам Мұхаммедтің пікірі бойынша мәйек сұйық болса нәжіс, қатты болса сыртын жуумен таза болады[5].
Қазіргі таңда ашытқы жануардың ұлтабарындағы заттардан емес, ұлтабардың өзінен жасалынып жатыр[6]. Сондықтан осындай ашытқыны жануардың сүтіне салыстыра алмаймыз. Тек химиялық жолмен алғанда мустәһлак (болмысы өзгерсе) күйге келсе, рұқсат етіледі[7].
Заманымыздың кейбір ғалымдары батыс елдерінде (кітап иелері болғандықтан) өндірілген ірімшіктер өлген немесе еті желінбейтін жануарлардың мәйегінен жасалғандығы анық болса, оны жеуге болмайды. Ал жануардың қандай жолмен бауыздалғаны анық болмаса, онда еті желінетін жануардың мәйегінен жасалған ірімшікті жеудің оқасы жоқ деген[8].
ШЕШІМ:
- Шошқа және еті желінбейтін жануардың ұлтабарынан алған мәйек ферментін қолдануға болмайды.
- Еті желінетін жануарлар шариғи жолмен бауыздалса, оның ұлтабарынан алған мәйек ферментін қолдануға болады. Сондай-ақ, өсімдіктерден және микроорганизмдерден алынған ашытқыны қолдануға рұқсат.
- Еті желінетін жануар шариғатқа сай сойылмаса және мәйек ұлтабардың өзінен алынса, оны қолдануға болмайды. Тек химиялық жолмен болмысы өзгерсе, рұқсат етіледі.
- Батыс елдерінен келген ірімшік еті желінетін жануардан жасалған болса, оның қандай жолмен бауыздалғаны анық болмаса, жеудің оқасы жоқ.
ҚМДБ Ғұламалар кеңесі
[1] әл-Муғжаму әл-уасит: 2/938. https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%9C%D3%99%D0%B9%D0%B5%D0%BA.
[2] Ислам фиқһы академиясының қарарлары, 199-бет.
[3] әл-Маусуғату әл-фиқһия: 5/155.
[4] «әл-Мажмуғ», 1/244. «Шарх әс-сағир», 1/44. «әл-Жамиғу ли әл-ахкам әл-Қуран ли әл-Қуртуби», 2/220.
[5] «Әл-Мабсут», 24/27. «Әл-Муғни ибн Құдамә», 1/74.
[6] Ұлтабарды кептіреді немесе бірден қатырады. Кейін оны ұсақтап, бөлшектеп алдын-ала дайындалған тұз бен бор қышқылы бар ыдысқа салып, оның ферменттерін суға өтуін қамтамасыз етеді. Одан соң сүзгіден өтіп тазартылады. Осылайша пайдалануға дайын хәлге келеді. 1 литр ұлтабар ферментімен 10000 литр сүтті ашытуға болады. https://askimam.org/public/question_detail/46685. «әл-Мәжәллату әл-илмия ли әл-мәжлис әл-уруби ли әл-ифтә уә әл-бухус, 152-бет».
[7] Юксел Чайыроғлу, «Адал ас», 370-бет.
[8] https://aliftaa.jo/fatwa/3317/