КОЛЛАГЕНДІ ҚОЛДАНУДЫҢ ҮКІМІ
بسم الله الرحمن الرحيم
الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين
Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.
Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!
Коллаген (грек. kolla – желім және ген) – дәнекер ұлпаларын біріктіретін ақуыздың бір түрі.
Қазіргі таңда коллаген косметикалық өнімдер құрамына, тағам қоспаларына т.б. қолданылады. Коллаген жануарлардың сүйектерінен, терілерінен, сіңірлерінен, балықтың қабыршағынан, құстың шеміршектері мен сүйектерінен т.б. алынады. Сол үшін оның шариғаттағы үкімі қандай нәрседен алынғанына байланысты әрқалай болады. Мысалы:
- Шошқадан алынған коллаген. Ол – нәжіс, харам саналады[1]. Шариғатта шошқаның етін, майын жеуге, терісін т.б. қолдануға тыйым салынған[2].
- Балықтан алынған коллагенді қолдануға рұқсат[3]. Себебі балық адал әрі бауыздауды қажет етпейді[4]. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Теңіз суы – тазартушы, өлексесі – адал»[5].
- Сиыр, қой секілді еті желінетін әрі шариғатқа сай сойылған жануарлар мен құстардан алынған коллаген. Бұны қолдануға болады. Ал еті желінбейтін жануардан немесе еті желінетін, бірақ шариғат жолымен бауыздалмаған малдан және құстан алынған коллагенді қолдануға болмайды. Тек химиялық құрылымы өзгеріп, басқа нәрсеге айналып кетсе немесе түбімен жойылып, болмысынан айырылса ғана қолдануға болады[6] . Ал өзінің құрамын түбегейлі өзгертпесе, онда оны қолдануға рұқсат жоқ .
Шешім:
- Еті желінетін, шариғатқа сай бауыздалған мал және балықтан алынған коллагенді қолдануға – рұқсат.
- Шошқадан алынған коллаген – харам.
- Еті желінбейтін жануардан немесе шариғатқа сай бауыздалмаған еті желінетін малдан алынған коллагенді қолдануға болмайды. Тек химиялық құрылымы өзгеріп, басқа нәрсеге айналса немесе болмысы толықтай жойылса ғана рұқсат.
[1] Сарахси, «Әл-Мәбсут», 1/48.
[2] «Хашияту Ибн Абидин», 1/136.
[3] Ханафи мәзһабы бойынша өздігінен өліп, судың бетіне қалқып шыққан балықтан басқа кез келген балық түрін, өлісін де тірісін де, жеуге болады.
[4] Ибн Рушд әл-Жәдд, «Әл-Бәяну уә әт-тәхсил», 3/273
[5] Әбу Дәуід, №83. Ибн Мәжә, №386
[6] Зәйлағи, «Тәбину әл-хәқайық», 6/220. Кәмәл ибн Һумәм, «Фәтху әл-қадир», 1/200.