Ә.Елжанов: Шұжықты шошқа майынсыз-ақ өндіруге болады
Жуырда ғана ҚМДБ жанынан құрылған «Халал Даму» ЖШС халал сертификаты берілген 1000-ға тарта шұжық өнімдерінің тізімін жариялаған еді. Дегенмен, көпшіліктің көкейіндегі күмән әлі де болса сейілер емес. Өйткені, шұжықтың құрамында доңыз майы болмаса ет бірікпейді және дәмі де келісті болмайды деген түсінік қалыптасқан. Осы орайда халықтың санасындағы сауалдарға жауап берсін деген ниетпен «Халал Даму» ЖШС директоры Әнуар Елжановпен әңгімеге тарттық.
– Әнуар мырза, соңғы кездері халал деген жазуы бар шұжықтардың өзінен шошқа майы табылып жатқаны жиі айтылып жүр. Сондықтан халық не істерін білмей әлек. Өзіңіз түсіндіріп берсеңіз.
– Рас, шұжықтың халалы да бар, харамы да бар. Мұны жасыра алмаймыз. Сыртындағы жазу ішіндегі өнімді халал қыла алмайды. Бірақ, барлық шұжық түрі жаппай харам деу әсте дұрыс емес.
Себебі, бір нәрсеге халал, не харам деп үкім беру үшін қолымызда нақты дәлел болу керек. Алла Тағала Құран Кәрімде: «(Алладан және пайғамбардан келген қандай да бір дәлелге сүйенбестен) тілдеріңнің өтірік сипаттауымен: «Мынау адал, мынау арам», – деп айтпаңдар! Олай айтатын болсаңдар, (адал немесе арам, деп, үкім беру бір Аллаға ғана тән болғандықтан) Алланың атынан өтірік айтқан боласыңдар. Аллаға өтірік сөзді теліп, Оның атынан өтірік айтатындар, әсте, мақсат-мұраттарына жетпейді (оңбайды)»,-дейді.
Осы салада еңбек етіп, бізге сенім артқан мұсылмандардың аманатын арқалап жүргендіктен, әсіресе, шұжық өнімдерін жіті бақылауда ұстаймыз. Жоғарыдағы аятта келгендей, дәлелсіз ешбір өнімге халал немесе харам деп үкім бермейміз, алдымен тексеріп, бақылап көреміз.
– Шошқаның майы қосылмаса шұжықтың еті қабыспайды деген рас па?
– Әрине, халықтың санасында шұжыққа міндетті түрде шошқаның майы немесе еті қосылады деген ой қалыптасқанын жақсы білеміз. Оның өзіндік себептері де бар. Мысалы, «харам» шұжықтарда басқа төрт-түлік малдың емес, не себепті доңыз майы қолданылатындығын қарапайым тұтынушылар да біліп отыр.
Неге доңыз майы қолданылады десеңіз, айта кетейін. Себебі қой, сиыр сынды төрт-түліктің майы төменгі температураға өте сезімтал келеді, яғни, май лезде қатып шұжықтың біртұтастығын, консистенциясын ұстап тұруға мүмкіншілік бермейді. Сонымен қатар, дәмдік үйлесім жағынан да қой мен сиыр майларын үйлестіру қиынға соғады.
Ал жылқы майы, температура сәл көтерілсе тез еріп, ағып кетеді. Сол себепті көбіне халал емес шұжық өнімдеріне шошқа майын қосады.
Алайда, бүгінгі таңда шұжық өндіруші кәсіпкерлер шошқа майынсыз да шұжық өндіруге болатындығын дәлелдеді. Мәселен, өзге де халал шикізаттарды қолдана отырып шұжық жасауға толық мүмкіндік бар. Біздің халал сертификатымыз осындай шұжықтарға беріледі.
– Тарқатып айтсаңыз. Халал шұжықтардың құрамында нақты қандай қоспалар кездеседі?
–Халал шұжық өнімдерінде шұжықтың тұтастығын, майлылығын сақтау үшін және дәмін үйлестіру үшін басқа қоспаларды – тауықтың терісін, өздігінен майлы болып келетін етін қолдану арқылы қол жеткізеді. Ескере кететін жайт, шұжыққа малдың еті, майы, тауықтың терісінен бөлек көптеген соя, крахмал, ароматизатор, дәм күшейткіш, бояғыш т.б. сынды қоспалар қосылады.
Шұжық халал болу үшін ет пен май сынды негізгі шикізаттардың ғана халал болуы жеткіліксіз, сонымен қатар, жоғарыда аталған барлық тағамдық қоспалардың да шариғат талаптарына сай болуы шарт. Сыртқы қаптамасының табиғи, әрі жасанды болып бөлінетінін ескерсек, табиғи шұжық қаптамасының «бисмилләмен» сойылған халал малдың ішегінен болуы да өте маңызды.
–Шұжық дайындайтын құрылғыдан шошқаның да, басқаның да еті өтіп жатса, ол қалайша халал болады деген пікірге не айтасыз?
– Біз мұны да ескерусіз қалдырмадық. «ҚМДБ Халал» сертификатын алғысы келген кәсіпорын толықтай халал стандартына сай жабдықталған болуы шарт. Малдың етін бөлшектейтін, ұсақтайтын құрылғылардың да харам болған доңыз етін өңдемеуі, тіпті жанаспауы қажет. Бұдан бөлек, бойын таза ұстайтын, малды сояр кезде «биссмилләсін» айтуды ұмытпайтын қасапшылардың жұмыс істеуін де қадағалап, жыл сайын олардың қатарын толықтырып, білімін жетілдіріп отырамыз. Ал тағам құрамына қатысты шарттардың барлығы сақталған соң дайын шұжық өнімдері доңыз ДНҚ-сына зертханалық тексеріске жіберіліп, доңыз ДНҚ-сы анықталмаған жағдайда ғана «Халал шұжық» ретінде сертификатталады.
Халал сертификатын беру үшін ең алдымен тағам, азық-түлік өнімдерінің санитарлық-эпидемиологиялық рұқсат құжаты талап етіледі. Халал сертификаттау жүйесінде зертханалық сараптама өте маңызды. Қазіргі таңда көпқұрамды өнімдер мен түрлі қоспалардың құрамын тексеріп, шариғатқа қайшы келетін заттардың бар-жоғын анықтау зертханалық жұмыстардың көмегімен ғана жүзеге асады. Әсіресе, заманауи гендік модификацияланған зертханалардың көмегімен өнімге араласқан мардымсыз доңыздың ДНҚ-сын да анықтау мүмкіндігі туып отыр. Қазіргі уақытта «Халал Даму» ЖШС «Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты» ЖШС зертханасымен бірлесіп жұмыс жасайды.
– Қателеспесем, «ҚМДБ Халал» және «ҚМДБ Адал» деген логотипі бар шұжықтарды көріп жүрміз. Екеуі де жарамды ма?
– Сұрағыңыз өте орынды. Екеуі де жарамды. Екі таңбаның шығуының бірден бір себебі, ең алғаш 2014 жылы «ҚМДБ Адал» деген таңба енгізілген болатын. Араға жылдар сала көптеген кәсіпкерлердің өнімдері экспортқа шығарылып, осы «адал» жазуына байланысты кедендік кедергілерге тап болды. «Адал» сөзі ішкі нарықта түсінікті болғанымен, әлемдік нарықта қолданылмайды. Сондықтан, оның орнына «халал» сөзі енгізіліп аталмыш өнімдер әлемдік нарыққа еркін шыға бастады.
– Осы өнімдерді өздеріңіз, отбасыларыңыз тұтына ма?
– Иә, әрине. Өндіру жұмыстарымен етене таныс болғандықтан әлгі өнімдерді еш күмәнсіз тұтынамыз және жалпы халықты «Халал Дамудың» тексерісінен өткен өнімдерді тұтынуға шақырамыз. Асымыз адал болсын!
– Сұхбатыңызға рақмет!