ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫ: КӘСІПОРЫНДАР ТҮГЕЛДЕЙ ТЕКСЕРІЛДІ
ҚМДБ халал өнімдерін стандарттау бөлімінің Талдықорған қаласы бойынша жауапты өкілі Медетбеков Аман өз қарамағындағы «ҚМДБ халал» сертификатына ие болған барлық мекемелерді ақпан айының кезекті тексерісінен өткізді.
«Ырыс» ет орталығы, «Мясной мир» қасапханасы, «Фаиз» «Мадина» «Алтынбек» «Аян» «Мико» сауда белгілерімен шұжық өндіруші «Исмаилов Т.Ю» жеке кәсіпкерлігінің шұжық цехы, «Нарат» дәмханасы, «Арафат» кафесі, «Тандоор» және «Базилик» асханаларында бақылау-қадағалау жұмыстары орындалды.
Тексеріс барысында тамақтандыру қызметтері, халал өнімдерін өндіру, өңдеу, сақтау, тасымалдау және сатуда стандарт талаптарының орындалуы, мал сою және бауыздау барысында белгіленген стандартқа сәйкес келуі секілді маңызды әрі негізгі тұстары қарастырылды.
Орындалған жұмыс қорытындысы бойынша, жоғарыдағы аталған мекемелерде «ҚМДБ халал» стандарты талаптарын бұзушылық жағдайлары анықталмады.
Естеріңізге сала кетейік, өңірлік жауапты өкілдің қатысуымен еліміздегі «ҚМДБ халал» сертификатына ие болған барлық мекемелерде әр айдың кез-келген он күндігінде бақылау-қадағалау жұмыстары жүргізіледі. Қорытынды акт нәтижесі, жұмыс барысындағы фото, видео деректер тұтынушылар назарына ашық түрде ұсынылып отырады.
ҚМДБ халал өнімдерін стандарттау бөлімінің баспасөз қызметі