Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

27 ақпан 2020

61

Жаңалықтар

«АҚ НИЕТ» ШҰЖЫҒЫ ТЕКСЕРІЛДІ (ФОТО)

«ҚМДБ халал» сертификатына ие болған шұжық цехтарының басым көпшілігі Жамбыл облысында орналасқаны белгілі.

Өңірдегі «ҚМДБ халал» стандарты бойынша сертификатталған барлық кәсіпорындарда бақылау-қадағалау жұмысын жүргізу  мақсатында халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі Смайл Сейтбеков, сарапшы-технолог Арайгүл Бақытқызы, технолог Еркетаң Мақсұтова арнайы іссапармен Жамбыл өлкесіне барды.

С.Сейтбеков және Жамбыл облысы бойынша «Халал Дамудың» жауапты өкілі Нұрмаджан Миразизов, сонымен қатар, технолог мамандардың  қатысуымен іссапардың алғашқы күнінде «Ақ ниет» шұжығын өндіруші шаруа қожалығы тексерілді.

Талас ауылында орналасқан «Ақ ниет» кәсіпорнының шұжық өндірісі барысында қолданатын шикізат көзі, яғни, ет өнімдері өздеріне тиесілі шаруа қожалығынан тікелей жеткізіледі.

Тасымалданатын ірі қара малдар кәсіпорынның қасапханасында сойылып, бөлшектеліп, шұжық цехына жіберіледі. Шұжық өндіру барысында жаңа сойылған мал еті қолданылады. Қасапханада халал стандарты бойынша арнайы оқытылған қасапшылар жұмыс істейді.

Бақылау-қадағалау барысында, мал сою және бауыздау, халал өнімдерін өндіру, өңдеу, сақтау, тасымалдау, сатуға қойылатын халал стандарт талаптарының қадағалануы мен орындалуы жіті тексерілді. Сонымен қатар, санитарлық тазалық мәселесі де назардан тыс қалмады.

Бірнеше білікті мамандардың қатысуымен жүргізілген тексеріс қорытындысы сәйкес, ҚМДБ халал стандарты талаптарын бұзушылық, бекітілген ережелерге бағынбау шаралары анықталмады.

Тексеріс қорытындысы бойынша "Ақ ниет" шаруа қожалығының өнімдері мен қызметі толықтай "ҚМДБ халал" стандартына сай.

ҚМДБ халал өнімдерін стандарттау бөлімінің баспасөз қызметі

Бөлісу: