"ХАЛАЛ ДАМУ" МАМАНДАРЫ «САЙРАМ СҮТ» ФАБРИКАСЫНДА
ҚМДБ халал өнімдерін стандарттау бөлімінің Түркістан облысына бағытталған іссапары барысында бөлім меңгерушісі Смайл Сейтбеков, технолог мамандар Еркетаң Мақсұтова, Арайгүл Бақытқызы және жергілікті жауапты өкіл Қуаныш Мәжіт және Шымкент қаласының жауапты өкілі Қазыбек Сарыбаевтың қатысуымен «Сайрам сүт» сүт өнімдері зауыты тексерілді.
Сайрам ауданы, Қарасу ауылында орналасқан «Сайрам сүт» зауыты сүт өнімдерінің барлық түрін өндіріп, еліміздің бірқатар өңірлерін табиғи, таза өніммен қамтып отыр.
Білікті мамандардың қатысуымен жүргізілген бақылау-қадағалау жұмысында өндіріс орнының «ҚМДБ халал» стандарт талаптарын сақтау мәселесі түгелдей қарастырылды.
Тексеріс барысында, фабрикада жоғарғы сапалы, соңғы технологиялық өндіріс құралдары қолданылатындығы анықталды.
Фабрикаға жеткізілетін шикізат көзінің, яғни, сүттің іргедегі ауылдардан тасымалданатындығы себепті, ешқандай қоспасыз, табиғи таза өнім өндіруге мол мүмкіндік туғызады.
«Халал Даму» мамандары қатысқан тексеріс жұмысы барысында, бөлім меңгерушісі Смайл Сейтбеков: «Шариғат талаптарына сай адал өнім өндіру бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Елімізде халал индустриясын дамыту әлі де болса, тынымсыз, қарқынды еңбекті талап етеді. Алайда, халалдың жолында бізбен бірге жұмыс атқарып, халық игілігіне халал әрі таза өнім ұсыныуда ат салып жатқандарыңызға алғысымыз шексіз. Сіз бен біз осы бағытымыздан таймасақ, халал өнімдер саны артары анық»,- деп «Сайрам сүт» басшылығына алғысын білдірді.
Басшылық пен технолог мамандар қатысқан «Сайрам сүт» фабрикасындағы тексеріс қорытындысы бойынша, «ҚМДБ халал» стандарты талаптарын бұзушылық жағдайлары анықталмады. Өндіріс толықтай халал стандарт талаптарына сай.
ҚМДБ халал өнімдерін стандарттау бөлімінің баспасаөз қызметі