«ХАЛАЛ ДАМУ» КОМИССИЯСЫ «ШЫМКЕНТ ҚҰС» ФАБРИКАСЫНДА
Шымкент қаласында сертификаттаудан өткен кәсіпорындарды тексеру мақсатымен арнайы іссапарда жүрген «Халал Дамудың» комиссия мүшелері Шымкент қаласы, Абай ауданында орналасқан «Шымкент құс» фабрикасында кезекті бақылау-қадағалау жұмыстарын жүргізді.
Тексеріске ҚМДБ халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі Смайл Сейтбеков, «Халал Дамудың» Шымкент қаласы бойынша жауапты өкілі Сарыбаев Қазыбек, технологтар Еркетаң Мақсұтова мен Арайгүл Бақытқызы қатысты.
Құс фабрикаларын сертификаттауда қатаң талаптар қоятын «ҚМДБ халал» мамандары, бекітілген талаптардың сақталуы мен орындалуын, жүзеге асуын тиянақты түрде тексерді.
Бақылау барысында құс азығының рұқсат етілген, таза болуы, сулы ванна температурасының стандартқа сәйкес келуі, құсты тек «Бисмиллах» айтып, қолмен бауыздау, бауыздағаннан кейін стандарт талаптарына сай бекітілген қан ағызу ұзақтығын сақтау, құс өнімдерін тазалау, бөлшектеу барысында санитарлық тазалықты да назардан тыс қалдырмау қадағаланды. Халал өнімдерді өндіру, өңдеу, дайындау, сақтау, тасымалдау, сатуға қойылатын жалпы стандарт талаптарының орындалуы толықтай тексерілді.
Құс фабрикасы жұмысының санитарлық тазалығына ескертулер айтылып, алдағы жақын уақытта түзету жұмыстарын жүргізу талап етілді. Ескертулердің орындалуын жергілікті өкіл Қазыбек Сарыбаев міндетті түрде қадағалайтынын жеткізді.
ҚМДБ халал өнімдерін стандарттау бөлімінің баспасөз қызметі