ШЫМКЕНТТЕ «ХАЛАЛ ӨНІМ – ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ» СЕМИНАРЫ ӨТТІ
ҚМДБ-ң 30 жылдық мерейтойына орай халал өнімдерді насихаттауға бағытталған «Халал өнім – денсаулық кепілі» тақырыбында аймақтық семинар өтті.
Шымкент орталық мешітінің ұйымдастыруымен өткен семинарға ҚМДБ халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі Смайл Сейтбков, Шымкент қаласының бас имамы Бақтыбай Бейсенбаев, «Халал Дамудың» жауапты маманы Қазыбек Сарыбаев қатысты.
Жергілікті имамдар мен кәсіпкерлерге арналған семинар аясында бөлім меңгерушісі Смайл Сейтбеков «Халал Дамудың» атқаратын қызметі мен міндеті, бағыттары, сертификаттау барысында қойылатын басты талаптардың ерекшелігі, өнімдерді лабораториялық сынақтан өткізудің тиімділігі, бақылау-қадағалау жұмыстарының жүргізілуі, шет елдік және отандық сертификатталған кәсіпорындарды қадағалаудың маңыздылығын түсіндірді.
Шариғатымыздағы халал мен харам түсінігі, адал астың құлшылығымыз мен күнделікті өмірімізге беретін пайдасы, харамның ақыретіміз бен денсаулығымыз үшін тигізер зиянына да кеңінен тоқталып өтті.
Сонымен қатар, халал өнімдер дайындау технологиясы, халал өнімдерді өндіру, өңдеу, сақтау, тасымалдау, сатуға қойылатын стандарт талаптары, рұқсат етілген және тиым салынған Е тағамдық қоспалар, халал стандарты бойынша тағамдық қызметтер ерекшелігі, шариғат және халал стандарт талаптарына сай мал сою және ет өңдеудің маңызды тұстары ашып айтылды.
Семинар соңында, халал индустриясын дамытуға ат салысып, халал стандарт талаптарына сай өнім өндіріп, ел игілігіне қызмет етіп жүрген бірқатар кәсіпкерлер алғыс хатпен марапатталды.
Сонымен қатар, имамдар мен кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, семинардың арнайы сертификатын табыстады.
ҚМДБ халал өнімдерін стандарттау бөлімінің баспаөз қызметі