Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

16 қараша 2023

345

Мақалалар

АДАЛ АС – ЖАНҒА ШИПА

Тағам – адамның дене жасушаларын қажетті қоректік заттармен қамтамасыз етіп, ағзаның дұрыс өсуі мен дамуына тікелей әсер ететін негізгі қажеттіліктің бірі. Адам баласының туу және өліміне дейінгі барлық өмірлік циклі тікелей тағаммен байланысты.

ХХ ғасырдағы өнеркәсіптік және технологиялық даму азық-түлік саласына біраз өзгерістер енгізді. Азық-түлік өндірісінің моделі өзгеріп, өндіріс процесі күрделене түсті. Ауылшаруашылығында көптеген тағамдық қоспалар, гендік түрленген өнімдер қолданыла бастады. Соңғы он жылдықта орын алған тағам өнеркәсібіндегі түбегейлі өзгерістер салдарынан созылмалы ауруларға шалдыққандар саны артты. Сондықтан қазіргі таңда бүкіл әлем салауатты өмір салтын ұстанып, экологиялық таза өніммен тамақтанудың маңызын түсінді. Тіпті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2016-2025 жылдар аралығын «Тамақтану саласындағы онжылдық» (The UN Decade of Action on Nutrition) деп жариялады. Аталған ұйымның мәліметінше, дұрыс тамақтанбау мен микроэлементтердің жетіспеушілігі салдарынан, 2 млрд адам артық салмақтан зардап шексе, 821 млн адам жеткілікті мөлшерде тамақтанбайды екен. Ал ас-ауқатқа қоректік зат деп қана қарамай, оны дінмен байланыстырсақ, ол – тәрбие, мәдениет, тазалық және даналық. Себебі азықты тұтынатын физикалық денеміз бен одан қуаттанатын рухани жанымыз бір-бірімен тікелей байланысты. «Дені сау адам» концепциясының негізі – рухани және физикалық саулықта. Мұны халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген. «Сау адам» болу үшін – ішер асымыз таза, пайдалы, құнарлы, қоректік дәрумендер мен микроэлементтерге, минералдарға бай әрі халал болуы тиіс.

Дініміз өмір салтымыз бен күнделікті тіршілігімізге қажетті этикалық кодексті толықтай қамтығандықтан, ас-ауқат мәселесі қасиетті Құран мен Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде көрсетілген. Алла Тағала Құранда: «Ей, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 2/168) – деген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам өз асқазаны секілді ешбір жаман ыдысты толтырған емес. Солай бола тұра, белді бүгу үшін бірнеше түйір тағам жеткілікті. Асқазанды толтыру қажет болса, үштен бірін тамақпен, үштен бірін сумен және үштен бірін ауамен толтырсын» (Термизи) деп ішер асымыздың мөлшерін де көрсеткен.

Халал ас – диеталық шектеулер жиынтығы ғана емес, Ислам мәдениеті мен руханиятына терең енген өмір салты. Ол тәнді нәрлендіріп қана қоймай, жанды тазартады. Алламен байланысымызды нығайтып, құлшылыққа ықыласымызды арттырады. Ішкен-жеген асымыз тәнімізде қалай көрініс берсе, мінез-құлқымыз бен құлшылығымызға да солай әсер етеді. Ұлы ғалым әл-Хараки адамның жаны мен психикалық саулығына әсер
ететін тағам мен сусын түрлерін анықтап, өз пікірін Құранның «Әнғам» сүресі 145-аятындағы «рижс» сөзімен, яғни «белгілі бір тағамдарға (ішімдікке) тыйым» сөзімен толықтырады. Оның пікірінше, «рижс» сөзі «жаман мінез» және «моральдың бұзылуы» дегенге саяды. Сондықтан да тыйым салынған тағам түрлерін «рижс» деп түсініп, оның адам бойында жаман мінез-құлық қалыптастыруы мүмкін екенін айтады.

Кейбір зерттеулер ішімдікті қылмыс жасауға итермелейтін ең бірінші қадам деп көрсетіп, оның ішінара адамның жаны мен санасына әсер ететінін баяндаған (The effects of haram food on human emotional and spiritual intelligence). Имам Ғазали өзінің «Бидаятул Хидайя» еңбегінде мұсылмандарға асқазанның харам тағамға толуы қаншалықты қауіпті екенін ескертеді. «Егер халал тағамнан болған тоқтық барлық жамандықтың бастауы болса, харам жөнінде не айтуға болады?! Халалды іздеу – әрбір мұсылманның міндеті. Харамды тұтынумен жасалған құлшылық, алынған білім қалдықтан салынған құрылыс секілді. Оның құлшылығы өзіне пайда бермейді. Өйткені оның ағзасына түскен харам жүрегі мен ақылын қатайтып, білім мен даналықтың көзін жабады. Осылайша ол Алламен байланысты орнатудың орнына, Одан алыстайды», –дейді имам Ғазали. Сонымен қатар Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тыйым салынған тағамды әдейі тұтынатындарға қатты ескертіп: «Егер оған жәннат маңызды болмаса, тыйым салынған тағамнан ет өсіруге болмайды» (Термизи) деген. Әл-Асбахани: «Халал тағам жеу – Аллаға жақындаудың кілті», – деген.

Оның айтуынша, халалды тұтынатын адамның жүрегі таза болып, барлық істі пердесіз анық көре алады. Ал кімде-кім керісінше харамды тұтынса, оның жүрегін қара дақ басады.

Харамды жеген адамға келетін төрт қауіп бар:

  • Харам астан жиналған күш-қуат азғындыққа итермелейді.
  • Арам ас дұғаның қабыл болуына кедергі. Анас ибн Малик (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі! Мен дұғамның қабыл болуын қалаймын», – деді. Сонда Пайғамбар: «Адал кәсіп ет, сонда дұғаң қабыл болады. Өйткені адам баласы бір тістем харам жесе, қырық күнге дейін дұғасы қабыл болмайды» (Бұхари) деген.
  • Ғибадатқа жалқаулық танытып, иманы әлсірейді.
  • Қияметте ауыр азапқа душар болады.

Халқымызда «Арамнан алған түйеден, адалдан алған ешкі жақсы» деп айтылған тәмсіл бар. Сондықтан арам аста ешқашан пайда болмайды. Тіпті ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Харам пайдадан өскен ет (яғни адам) жәннатқа кірмейді», – деп айтқан (Термизи).

Қорыта айтқанда, харамды жеу эмоциялық интеллект пен руханиятымызға зиянын тигізіп қана қоймай бойымызды жаман әдеттерге бейімдетіп, жүрегіміздің тыныштығын бұзады. Имам Ахмадтан (оған Алла разы болсын) адамдар: «Жүректің жұмсаруына не нәрсе себеп болады?» – деп сұрағанда, ол: «Адал ас», – деп жауап берген екен. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, денеде бір кесек ет бар. Ол түзу болса, қалған дене бүтіндей түзеледі. Ол бұзылса, қалған дене түгелімен бұзылады. Ол – жүрек», – деген хадис-шарифі бар. Ал жүректің бұзылуына әсер ететін фактордың бірі – харам ас жеу. 

Ойшыл ғалым Әбу Хамид әл-Ғазали: «Жүрек ауырса, өзіне қатысты амалды орындаудан мақұрым қалады. Жүректің орындауы тиіс амалы: білім алу, хикмет үйрену», – деген екен. Ал Абайдың қарасөзінде ғылымның: «...Мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай Тағала қалпыңа әрдайым қарайды», – дегені бар. Сайып келгенде, харамнан сақтанып, халал асты ғана тұтыну үшін халал жөнінде біліміміздің болуы маңызды. Ғұламалар: «Ең жақсы өмір – жан-дүниенің тыныштығы. Дүние жамандықтарынан аман жүрек – сау жүрек. Сау жүректің иесі болу қандай бақыт?!» – деген екен. Ендеше дүние мен ақыретте бақытқа бөленгіміз келсе, харамнан қашық, халалға асық болайық!

 


Айбек АСҚАРБЕКҰЛЫ,

«Халал Даму» директоры

«Иман» журналы, №10, 2023 жыл

Бөлісу: