АЛҒАШ РЕТ «QMDB EXPO-2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛАДЫ
Алматы қаласында алғаш рет халықаралық деңгейде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бөлімдері мен мекемелерінің қызметтері мен өнімдерін таныстыратын «QMDB EXPO-2026» шарасы ұйымдастырылмақ. Бұл туралы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2026 жылға арналған Бағдарлық баяндамасында мәлімдеді.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бірқатар бөлімдері және мекемелерінің қызметі мен өнімдерін көрсететін «QMDB EXPO-2026» іс-шарасын өткіземіз. Бұл Діни басқарма қызметін заманауи талаптарға бейімдеп, рухани саланы жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болмақ. Аталған көрме баспа және баспасөз, уақып саласындағы өнімдерімізді таныстыратын алаңға айналады. Зекет, халал, қажылық, цифрлық даму бағыты бойынша қызметтерімізді халыққа ұсынамыз. «QMDB EXPO-2026» рухани саладағы жаңашылдық пен тұрақты дамудың жарқын үлгісі, мүфтият пен қоғам арасында алтын көпір болады деп сенемін»,- деді Бас мүфти.




