АЛМАТЫДА ТҰРАҚТЫ ТҮРДЕ АУДИТ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Алматыдағы «QMDB Halal» стандарты бойынша сертификатталған кәсіпорындарда тұрақты түрде аудит жұмыстары жүргізілуде. Бақылау-қадағалау жұмыстарын «Халал Дамудың» жергілікті мамандары Тердікбаев Өміржан, Әселхан Сыдық, Жансая, Шалқарқызы орындады.
Жоспарлы тексеріс барысында кәсіпорындардың өндіріс алаңдары, шикізат жеткізу тізбегі, құжаттамалары, санитарлық талаптарды сақтау деңгейі, сондай-ақ халал стандарттарының толық орындалуы жан-жақты қаралды. Мамандар жұмыс процесінің әр кезеңін мұқият сараптап, ет өнімдері, тағамдық қоспалар, қосымша ингредиенттер және дайын өнімдерде күдік тудыратын құрамдардың жоқтығына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, қызметкерлердің халал талаптары жөніндегі білім деңгейі де тексеріліп, қажетті әдістемелік түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Тексеру қорытындысы бойынша бірқатар кәсіпорындардың халал талаптарын жоғары деңгейде орындап келе жатқаны атап өтілді. Ал кейбір нысандарға стандартты толық сақтау мақсатында тиісті ұсыныстар беріліп, түзету шараларын енгізу тапсырылды.






