Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

19 наурыз 2021

57

Жаңалықтар

АҚМОЛА: "МАКИНСК ҚҰСФАБРИКАСЫ" ТЕКСЕРІЛДІ

**Ақмола облысында орналасқан ірі құсфабрикаларының бірі – Макинск құсфабрикасында бақылау-қадағалау шаралары жүргізілді. Кезекті тексеріс жұмыстарын «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы мен ветеринариялық санитария ісінің маманы Данияр Сафиев орындады.** Ақмола облысы, Бұланды ауданында орналасқан құсфабрикасы биыл "ҚМДБ халал" стандарты бойынша сертификатталған болатын. Стандарт талаптарына сай кезекті және кезектен тыс аудит жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Осыған орай өткізілген тексеріс барысында құстардың жем-азығының таза болуы, шариғат және стандарт талаптарына сай қолмен бауыздалуы секілді өзге де ережеге сәйкес шарттардың орындалуы қадағаланды. Бақылау-қадағалау шараларынан кейін "Макинск құсфабрикасы" қызметкерлеріне "Халал Даму" мамандары дайындаған арнайы дәріс өткізілді. Бұндай дәрістер халал стандартына сай жұмыс жасайтын кәсіпорын қызметкерлерінің шариғи білімін арттырып, стандартқа сай қызмет көрсету біліктілігін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылып тұрады. "Ислам діні негізінен, мұсылмандардың дүние және ақырет үшін адал кәсіп етуін талап етеді. Құдіреті күшті Жаратқан Иеміз жер бетіндегі нығметтердің барлығын адам баласының қызығына арнаған ғой. Ол туралы тіпті Құран Кәрімде:«Біз адамның ұлдарын құрметті орынға қойдық, оларды құрғақта және теңізде өмір сүретін еттік, оларды жақсылыққа кенелттік және оларды Өзіміз жаратқан барлық тіршілік иелерінен жоғары қойдық», - деп айтылған. Жалпы, шариғат бойынша, адал кәсіп етудің өзі құлшылықтың бір түрі. Ал, сіздер адал еңбек етіп қана қоймай, халыққа адал ас ұсынатын сауапты да жауапты кәсіптің мамандарысыздар. Сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесі болған адал ас – күллі мұсылман қауымының халал азығы. Осындай беделді қызмет жолында бізбен серіктес болғандарыңызға Алла разы болсын",- деген Айбек Асқарбекұлы құсфабрика қасапшылары мен мамандарына алғысын білдіріп, халал өнім тұтынушы қарапайым халықтың сенімін жеткізді. Аудит қорытындысы бойынша, шариғат шарттары мен халал стандарты ережелерін бұзу жағдайлары тіркелмеді. Десе де, кәсіпорында бекітілген стандарт талаптарының орындалуын бұдан әрі жақсарту мақсатында ескерту жасалынды. Алдағы уақытта ескертулердің жүзеге асуы бақыланатын болады. Әр ай сайын еліміздің барлық өңірінде жүргізілетін кезекті бақылау-қадағалау шаралары өңірлерде басталып кетті. Аудит жұмыстарының нәтижиелерімен алдағы уақытта міндетті түрде бөлісетін боламыз. ![WhatsApp Image 2021-03-18 at 23.31.52 (1).jpeg](https://halaldamu.kz/storage/app/uploads/public/605/412/7f8/6054127f84b81280324318.jpeg) ![WhatsApp Image 2021-03-18 at 23.31.52.jpeg](https://halaldamu.kz/storage/app/uploads/public/605/412/8c3/6054128c3663a644989752.jpeg) ![WhatsApp Image 2021-03-18 at 23.33.03.jpeg](https://halaldamu.kz/storage/app/uploads/public/605/412/a05/605412a0526cf920438938.jpeg) ![WhatsApp Image 2021-03-18 at 23.31.51.jpeg](https://halaldamu.kz/storage/app/uploads/public/605/412/b4b/605412b4b418c731390292.jpeg)

Бөлісу: