Ақмола обл.: Мешіт жамағатына семинар
«Халал Дамудың» Ақмола облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен мешіт жамағатына арналған оқу-семинары өткізілді. Семинарды «Халал Даму» жергілікті өкілі Науан Муталов жүргізді.
Оқыту барысында шариғатымыздағы халалдың орны мен маңызы жөнінде түсіндірген Науан Муталов: «Алла Тағаланың ұлы сөздері қасиетті Құран Кәрімде адамзат баласына көл-көсір нығметтер беріп, жер бетіндегі халал мен харам нәрселердің ара жігін айырып көрсеткен. Алла пендесі үшін нені халал десе, ол сырда қайыр мен хикмет бар, ал нені харам десе, онда адам ғұмыры үшін ұшан-теңіз зиянның бар екендігі күмәнсіз. Осы турасында «Бақара» сүресінің 168-аятында былай деп түсіндіреді: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!», «Мәида» сүресінің 88-аятында: «Аллаһтың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» делінген», – деп халалдың салмағы мен сұрауы жөнінде мағұлмат берді.
Сонымен қатар, халал өнімдер технологиясы мен стандарт талаптары, зертханалық тексерістің маңыздылығы, тағамдық қоспалардың өндірісі жөнінде баяндап, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.