Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

08 маусым 2021

364

Жаңалықтар

"ӘУЛИЕ-АТА ФЕНИКС" ҚҰС ФАБРИКАСЫ СЕРТИФИКАТ ЖАҢАРТТЫ

Жамбыл облысындағы ірі құс фабрикалардың бірі – "Әулие-ата Феникс" құс фабрикасы сертификат жаңартты.  Оңтүстік өңірдегі іс сапар барысында "Халал Даму" директоры Айбек Асқарбекұлы "Әулие-ата Феникс" құс фабрикасының бас директоры Джунусова Фарида ханымға кәсіпорынның халал стандарт талаптарына сәйкестігін растайтын "QMDB HALAL" сертификатын табыстады. Сертификаттауға жергілікті инспектор-контролер Нұрмаджан Миразизов, технолог, ветеринарлық санитария ісінің маманы Данияр Сафиев қатысты.

"Құс шаруашылығы — ауыл шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі. Ауылшаруашылығы өнімдерін дамытудағы негізгі мақсат – халықты сапалы азықпен қамтамасыз ету. Ел экономикасының дамып, өркендеуіне, әсіресе, халал индустриясының жандануына қосқан үлесіңізге, адал кәсібіңізге алғыс білдіремін. Ұлт және ел болашағы үшін атқарып жатқан қызметтеріңізге Алла берекесін берсін", – деді Айбек Асқарбекұлы. 

Өз кезегінде, Фарида Амансариевна "Халал Даму" ұжымының кәсіби жұмысына ризашылығын білдіріп, халал өнімді тұтынушылар сенімін ақтап, адал өнім өндіруді жалғастыра беретіндігін жеткізді.

"Әулие-ата Феникс" құс фабрикасында кезекті бақылау-қадағалау шараларын орындаған Данияр Сафиев: "Кәсіпорын өндірісі голланд технологиясына негізделген. 2010 жылы өз жұмысын бастаған құс фабрикасы жылына 4 мың тонна құс етін өндіруге қауқарлы. "Халал Даму" мамандары тарапынан жүргізілген ревизорлық бақылау барысында стандарт талаптарын бұзу жағдайлары тіркелмеді. Құс фабрикасындағы барлық өндіріс процессі бекітілген талаптарға толықтай сай. Тексеріс соңында құс фабрикасының қызметкерлеріне, қасапшыларға шариғаттағы халалдың маңызы, халал өнімдер технологиясы төңірегінде оқу-семинар жүргізілді", – деп ревизорлық бақылау қорытындысы оң нәтиже көрсеткендігін жеткізді.

Бөлісу: