БАҚ ӨКІЛДЕРІНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен жоспарға сәйкес, бүгін, «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу өткізді. Жиынға «Зекет және қайырымдылық қорының» директоры Мақсатбек Мақсотұлы, шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұы мен «Халал Даму» қызметкерлері қатысты.
«Біздің мақсатамыз – күллі мұсылмандар қауымы мен халал өнімді тұтынушылардың алдындағы парызымызды адал атқару, елге пайдалы болу. «Халал», «харам» ұғымы шариғи мәселе болғандықтан, бұл саламен діни басқарма айналысуы керек. Сіз бен біздің мақсатымыз ортақ, жұмысымыз бір болғандықтан, мұсылмандардың қара шаңырағы діни басқарма айналасында топтасқандарыңыз дұрыс болады. Сондықтан, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, халалдың дамуына бірге ат салысайық», – деген Айбек Асқарбекұлы «Халал Дамудың» осы уақытқа дейін атқарған жұмыстары мен жетістіктерін жеткізіп, халал стандарттау және сертификаттаудың жүйелі жүргізіліп, жіті тексерілетін, жүгі сол жұмыс екендігін жеткізді. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде халал және харам жөнінде түрлі ақпарат таратудың жауапкершілігін түсіндірді.
Жиынға қатысқан Елбек Тасболатұлы БАҚ өкілдеріне Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Өз тілдеріңнің жалғаны мен қателіктерін Алла Тағалаға таңып, «мынау халал, мынау харам» деп айтпаңдар. Аллаға өтірік жала жапқан боласыңдар. Шындығында, Алланың атынан өтірік айтатындар құтылмайды» («Нахыл» сүресі, 16/116), – деген аятқа сәйкес пәтуа берудің талап-тәртібі мен ережелерін түсіндіріп, үкім шығарудың Алла алдында да, адамдар алдында да жауапкершілігі әрі сұрауы ауыр екендігін жеткізді.
Жиын соңында, діни басқарма қызметкерлері БАҚ өкілдерін ақпараттық насихат саласында бірлесе қызмет атқаруға және де нақты әрі сенімді ақпаратпен ғана бөлісуге шақырды.