
ПАВЛОДАР: АЙЛЫҚ АУДИТ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Павлодардағы кәсіпорындарда айлық аудит жұмыстары жүргізілуде. Бақылау-қадағалау шараларын «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы, технолог Гүлмира Маратқызы, халалдың жергілікті өкілі Серік Темірбай орындауда. Аудит барысында «Индейка Павлодарская» құс фабрикасы, «Крендель» кондитерлік цехы, «Best milk», «Тағам» асханалар желісі, «Discovery», «Изюм» дәмханалары тексерілді.
Аудит барысында аталған кәсіпорындардың өндірістік орындары, шикізат сақтау қоймалары, ас дайындау цехтары мен дайын өнім сөрелері мұқият қаралды. Әрбір нысанда қолданылып отырған қоспалар мен ингредиенттердің шығу тегі, жеткізуші құжаттары, сондай-ақ жұмысшылардың санитарлық-гигиеналық талаптарды орындауы тексерілді.
Сонымен қатар, тағам әзірлеу барысындағы айқаспалы ластанудың алдын алу, шариғатқа қайшы өнімдердің қолданылмауы және халал стандарттарына сәйкес технологиялық үдерістердің сақталуы назарға алынды.
Аудит нәтижесінде кейбір кәсіпорындарға ұсақ ескертулер беріліп, оларды жою бойынша нақты ұсыныстар айтылды. Ал талаптарды толық сақтап отырған мекемелерге ризашылық білдіріліп, олардың халал принциптерін жоғары деңгейде ұстанып отырғаны атап өтілді.