Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

27 сәуір 2021

40

Жаңалықтар

БАС МҮФТИ ҚАРТТАР ҮЙІНДЕГІ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАСЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

Бүгін ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Шарапат» әлеуметтік көмек көрсету орталығында болды. Бас мүфти «Халал даму» мекемесі ұйымдастырған қайырымдылық шарасына қатысты.

Қарттар үйінде өткен кездесуде Наурызбай қажы Тағанұлы осындағы ауыз бекіткен ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарға Рамазан айының қасиеті мен оразаның пайдасы жайында насихатын жеткізді.

«Алла Тағала Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғы үмметтерге ораза парыз етілгендей, сендерге де парыз етілді. Бәлкім сақтанарсыңдар» – деген. Бұл аятта айтылған оразаның мақсаты – мұсылманды тазартып, тақуалық дәрежеге жеткізу. Сондықтан бұл – Алла Тағаланың біздерге әмірі, парызы. Тура жолда, тақуалықта жүрген жандарға Алла Тағала әке-шешеңді сыйла, олардың аманатын орында, бала-шағаңа дұрыс тәрбие бер, қоршаған ортаны сыйла дейді. Осыны орындау арқылы адам тақуалыққа жетеді. Оразадағы біздің 30 күн аш жүруіміз нәпсімізді тәрбиелейді. Тамақтан тыйылғандай күнә атаулыдан да сақтанамыз. Міне, оразаның пайдасы. Сіздер де сынаққа мойымай, Алланың әмірін орындап жатырсыздар. Ниеттеріңіз қабыл болсын!» деп дұға етті Бас мүфти.

Мұнда қарттар мен мүгедектерге барлық жағдай жасалғанымен, өз балалары мен туған үйінің жылылығы жетпейді. Осыны ескерген Бас мүфти Рамазан айында өз атынан 30 адамға ауызашар қоржынын таратып қуаныш сыйлады. Діни басқарма төрағасының келуін жақсылыққа балап, бір серпіліп қалған қарттар жағы да ақ батасын берді.

Айта кетсек, бүгінгі қайырымдылық шарасына ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, «Халал даму» мекемесінің директоры Айбек Асқарбекұлы, «Шарапат» әлеуметтік көмек көрсету орталығының басшысы Ырысты Жағыпарқызы қатысты.


Бөлісу: