Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

03 қараша 2024

184

Мақалалар

ДӘРІ-ДӘРМЕК ҚҰРАМЫНДА КЕЗДЕСЕТІН КҮМӘНДІ ҚОСПАЛАР

Дініміз адам денсаулығына ерекше мән береді. Халал дәрілерді таңдау барысында, олардың халал әрі денсаулыққа зиян келтірмейтініне көз жеткізу өте маңызды. Сондықтан төменде дәрілердің құрамында кездесуі мүмкін күмәнді қоспаларды ұсынамыз:

Спирт
Қазіргі таңда көптеген дәрілерге азды-көпті белгілі бір мөлшерде спирт қосылады. Спиртті қосудағы мақсат – науқасты мас ету емес. Бар болғаны дәрі құрамындағы кейбір заттардың еруіне мұқтаждық бар. Сол себепті спирт қосылады. Сондай-ақ дәрінің құрамы уақыт өте келе өзгеріске түспеу үшін және ұзақ мерзімге сақтау үшін де аз мөлшерде спирт қосылады.

ҚМДБ бекіткен пәтуаға сәйкес:
1. Спирт ішуге шариғи тұрғыдан тыйым салынады. Алайда нәжіс емес;
2. Құрамында спирт болған дәріні дененің сыртына (жағуға) қолдануға болады;
3. Егер спирт қандайда бір дәрінің құрамында болып, қасиеті мен сипатын жоғалтса ішуге болады;
4. Ал егер спирт қандайда бір дәрінің құрамында болып, қасиеті мен сипатын жоғалтпаса төмендегі шарттарды ескере отырып ішуге болады:

а. Аса зәру жағдайда, құрамында спирті бар дәрінің орнын басатын таза дәрі болмаса;
ә. Құрамында спирт қосындысы бар дәрі науқастың оңалуына септігі тисе;
б. Құрамында спирт қосындысы бар дәріні міндетті түрде жоғары білімді, білікті дәрігердің рұқсатымен қолдану қажет.

Жануар өнімдері
Егер дәрі құрамында жануар өнімдері болса, олар шариғатта рұқсат етілген жануарлардан және халал әдіспен сойылған жануарлардан алынуы керек. Дәрі құрамында кездесетін жануар өнімдеріне мыналарды жатқызуға болады:

Желатин
Желатин, негізінен, жануарлардан алынатын коллагеннен жасалады. Ол капсулаларды, таблеткаларды, және кейбір суспензияларды жасау үшін пайдаланылады. Желатиннің халал болуы, оның халал әдіспен сойылған, шариғатта рұқсат етілген жануарлардан алынуына байланысты.

Энзимдер (Ферменттер)
Дәрілердің құрамында қолданылатын ферменттер әртүрлі функцияларға ие және олар түрлі көздерден алынуы мүмкін. Ферменттердің халал статусын анықтау үшін, олардың шығу тегі мен өндіру әдісі маңызды. Мысалы:  Пепсин — ас қорыту ферменті, негізінен, жануарлардың асқазанынан (әсіресе, доңыздан, сиырдан) алынуы мүмкін. Оның халал болуы, шариғатта рұқсат етілген жануар болуына және дұрыс сойылуына байланысты.

Аминқышқылдар
Аминқышқылдар жануарлардан алынуы немесе синтетикалық болуы мүмкін. Синтетикалық аминқышқылдарға рұқсат етіледі. Ал, жануардан алынса – шариғатта рұқсат етілген жануар болуы, шариғатқа сай сойылуы ескерілу қажет.

Қан және қан компоненттері
Қан және оның туындылары кейбір медициналық препараттарда пайдаланылуы мүмкін. Исламда қанды тұтынуға тыйым салынғандықтан, ол – харам.

Синтетикалық ингредиенттер
Синтетикалық ингредиенттердің халал статусын анықтау үшін, олардың өндіріс процесі мен құрамында қолданылатын қосымша заттарды ескеру қажет. Көп жағдайда, синтетикалық ингредиенттер табиғи өнімдерден тәуелсіз өндірілгендіктен, оларға рұқсат етіледі. Дегенмен, өнімнің халалдығын білу үшін әрдайым қақпааптамада көрсетілген ақпаратты тексеру немесе өндірушіден сұрау қажет.

Тұтынушының жауапкершілігі
Дәрі сатып алатын тұтынушылар халал сертификатталған өнімдерді іздеуі керек. Бұл үшін:
1. Қаптаманы (этикеткаларды) оқу: Дәрілердің құрамын тексеру;
2. Зерттеу жүргізу: Дәрі өндіруші компаниялар мен олардың өнімдерінің халал статусын зерттеу:
3. Дәрігермен кеңесу: Дәрілердің денсаулыққа әсері туралы кәсіби маманнан ақпарат алу. Қорыта айтқанда, дәрі-дәрмек сатып аларда жоғарыда аталған кеңестерді ескеруді ұсынамыз.

Бөлісу: