Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

16 сәуір 2021

1735

Пәтуалар

Екпе егуге бола ма?

Вакциналау – белгілі бір жұқпалы аурудың алдын алу үшін қолданылатын әдіс. Ол адам организміне арнайы тәсілмен дайындалған антигендік қасиеті бар заттарды енгізу арқылы жүзеге асады. Вакциналау арқылы көптеген сырқаттардан сақтануға болады.

Ислам дінінде екпе жасауға тыйым салынбайды. Оған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисі дәлел: «Кімде-кім таңертең әжуа құрмасының жеті данасын жейтін болса, сол күні оған сиқырдың және удың зияны тимейді» (Бұхари).

Сондай-ақ ғалымдар жаңа туған нәрестеге тахник жасауды мұстахаб деп санаған. Яғни өз әкесі немесе үлкен (құрметті) кісілер өзі шайнаған құрманың сөлін баланың таңдайына жаққан (Имам ән-Нәуауи, «Шарху сахих Мүслим», 14/122-123). Осы себепті жасанды түрде (қолдан) сәбидің жаман ауруларға қарсы иммунитеті күшейтілген.

Ислам діні әрбір адамға өз өмірі мен денсаулығына дұрыс күтім жасауға және ауру-сырқаттан емделудің алдын алу жолдарын іздеуге міндеттейді.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):  «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты. Бір дерттің ғана дауасы жоқ, ол – кәрілік»– деді (Ахмад ибн Ханбал). Бұл хадис әрбір дерттің емі бар екенін білдіреді. Әйтсе де ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген кісі зиян көрмейтіні анық.

Вакциналауға қатысты мынадай шарттарға мән беру қажет:

  1. Вакциналау заңды түрде әрі кәсіби мамандардың нұсқауымен жүзеге асу керек. Бұл мәселе медицинаға қатысты болғандықтан, сол саланың мамандары оны жан-жақты зерттеп, адамның денсаулығына пайдалы немесе зиянды тұстарын анықтап, оны қолдану туралы нақты шешім қабылдауы тиіс. Өйткені Алла Тағала Құранда: «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» («Нахыл» сүресі, 43-аят), – деген.
  2. Вакцина құрамында шариғатта тыйым салынған заттардың болмауы тиіс. Себебі шариғатта кез келген харам және нәжіс затпен емделуге рұқсат жоқ. Бірақ зәрулік жағдайларда, яғни екпе қолданбаған жағдайда өміріне қауіп төнетін болса және одан басқа халал түрі табылмаса, бар екпені қолдануға рұқсат етіледі. Өйткені Алла Тағала: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар» («Бақара» сүресі, 195-аят) – деп бұйырған.
  3. Вакцина адамның денсаулығына зиян келтіріп, оның ауруын асқындырып немесе мүгедек етіп қоймауы тиіс. Ислам діні әрқашан зиянды нәрседен аулақ болуға шақырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзіңе де, өзгеге де зиян беруге болмайды» (Ахмад ибн Ханбал), – деп айтқан. Сондықтан вакциналау денсаулыққа зиянды болса немесе пайдасынан зияны көбірек болса, онда емделудің басқа жолын қарастыру қажет.

ҮКІМ:

  1. Аурудың алдын алу мақсатында вакциналау ­– мүбах (рұқсат). Мұндай вакциналау әрбір азаматтың келісімі бойынша орындалуы тиіс.
  2. Қоғамда жұқпалы (вирустық) аурулар күшейіп, өзіне және өзге адамдарға зияны тию ықтималы артса, сол ауруға қарсы екпе алу қажет болады.
  3. Қолданатын вакцинаның құрамы харам заттардан және нәжіс атаулыдан таза болуы тиіс. Бірақ халал вакцина табылмаса және вакциналауға зәрулік туындаса, кәсіби мамандардың нұсқауымен қолда бар екпені қабылдауға рұқсат етіледі.

Шариғат және пәтуа бөлімі

Бөлісу: