Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

08 маусым 2021

162

Жаңалықтар

"ХАЛАЛ ДАМУ" ӨКІЛДЕРІ МЕДАЛЬМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

"Халал Дамудың" өңірлік жауапты өкілдері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының "30 жылдық мерекелік медальімен" марапатталды. Ұзақ жылдар бойы отандық халал индустриясының дамуы жолында белсене қызмет етіп, ел экономикасының өркендеуіне үлес қосқан  Жамбыл облысының өкілі Миразизов Нұрмаджан,  Алматы облысының өкілі Жұмабеков Жанәбіл, Алматы қаласының өкілі Чадаев Маратхан мерекелік медальдің иегері атанды.

Жамбыл облысына бағытталған іссапары барысында "Халал Даму" директоры Айбек Асқарбекұлы өңірлік өкіл Миразизов Нұрмаджан мырзаға мерекелік медальін табыстады. Марапаттау рәсіміне облыс бас имамы міндетін атқарушы Нұрбек Бақытұлы және мешіт қызметркерлері қатысты.

Жергілікті өкілдердің еңбектеріне тоқталып өткен Айбек Асқарбекұлы: "Халал Дамудың" қызметкерлері арасында мерекелік марапатқа 3 облыстық өкіл ие болды. Сіздердің барлықтарыңыздың да еліміз үшін, халалдың дамуы үшін еткен еңбектеріңіз зор деп есептейміз. Қандай марапатқа да лайықтысыздар. Біріңіздің мәртебеңізді көтеріп, біріңізді түсіруге ешқандай құқымыз жоқ, барлықтарыңыз құрметке лайықтысыздар. Діни басқарманың 30 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін», - деді.  

Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласында өткізілген "Халал өнімдер жәрмеңкесінде" Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы "Халал Дамудың" Алматы облысы және Алматы қаласы бойынша жауапты өкілдеріне "30 жылдық мерекелік медальді" табыстаған болатын.


Бөлісу: