Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

28 сәуір 2021

53

Жаңалықтар

"ХАЛАЛ ДАМУ" QAZAQSTAN ТЕЛЕАРНАСЫНДА ҚОНАҚТА

Қасиетті Рамазан айының қарсаңында "QAZAQSTAN" ұлттық телеарнасындағы "Ораза қабыл болсын" бағдарламасына арнайы шақырту алған "Халал Даму" директоры Айбек Асқарбекұлы "Адал астың артықшылығы" тақырыбында сұхбат берді.

Алланың мейірімінен үміт ете ауыз бекіткен исі мұсылманға халал мен харамды ажыратып, адал астың артықшылығы жөнінде сұхбат берген Айбек Асқарбекұлы: "Ақ пен қараны ажыратып, тура жолды көрсетуші «Құран» атты ұлық пәрмен жерге түсе бастаған мүбәрак айда адам дене қалауларын тәрбиелеп, нәпсінің құлы болып кетуден өзін азат етеді. Ауызды астан, бойды барша жаманшылық атаулыдан тыяды. Тақуалық айында  бойын адалдыққа бағыттаған пенде, кешке ауызашарда ауызына харам астың түсіп, құлшылығына зарар тиюінен сақтануы тиіс. Харам ас иманның әлсіреуіне алып келсе, тамақты қажетті мөлшерінен асырып жеу – адамның зейінін бұзады, ар-Рахманға бойұсынуда денені ауырлатып, азғырушы шайтанның  жолдарын азықтандырады. 

Халал барша мұсылмандардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты шариғат тиым салмаған іс-әрекеттер шеңберін қамтитын тек Ислам дініне ғана тән ұғым. Расында, халал мен харам Алла Тағаланың әмірлерімен белгіленеді. Ешбір адам өз білгенімен халалды харам, харамды халал ете алмайды. «Адал», «арам» деген ұғымдарды Алла Тағала бекіткен. Кейінгі кезде елімізде халал өнімге сұраныс артып келеді. Бұл «тиын егіп, теңге оруды» ойлаған кәсіпкерлерді бейжай қалдырмайтыны анық. Шариғат талабына сай өнім шығаратын кәсіпорындар көбейген. Сол себепті, "халал" мен "харамды" айқындау үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан "Халал Даму" стандарттау және сертификаттау органы құрылды", – деп "Халал Даму" ұйымының атқаратын қызметі мен  "QMDB halal" таңбасының маңызын түсіндірді.

"Пайғамбар (с.а.у) он төрт ғасыр бұрын: «Адам өз асқазаны секілді ешбір жаман ыдысты толтырған емес. Солай бола тұра, белді бүгу үшін бірнеше түйір тағам жеткілікті. Асқазанды толтыру қажет болса, үштен бірін тамақпен, үштен бірін сумен және үштен бірін ауамен толтырсын» деген еді. (Тирмизи). Мұнда сөзсіз табыс бар! Өйткені, ол адамды жаратқан және оның тұла бойының құпиясын білетін Алланың көкейіне құйғанын ғана сөйлейді. Осы хадисті оқыған дәрігер ибн Масауи: «Егер, адамдар осы сөздерге құлақ асқан болса, оларға ауру-сырқат төнбейтін еді, сонда ауруханалар мен дәріханалар бос тұрареді» деген екен. «Ауру – астан», «Дәрінің ең жақсысы – аз тамақ» деген даналық сөздер текке айтылмаған. Тіпті, бүгінгі ғалымдар мен дәрігерлер: «Қарын – «дерттің үйі» деген тұжырымды жиі айтатын болды. Қомағайлық – зұлымдық. Ол тек қана артық салмақ апатына ұшыратпайды, жалқаулық, ұйқышылдық есіктерін ашады" , – деген Айбек Асқарбекұлы адал астың пайдасы мен артықшылығын, шариғат шеңберіндегі маңызын түсіндіріп, тыңдарман сұрақтарына жауап берді.

Естеріңізге сала кетейік, "QAZAQSTAN" ұлттық телеарнасында Рамазан айы бойы өткізілетін "Ораза қабыл болсын" бағдарламасы арқылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметкерлері отыз күн бойы сіздің оразаңыздың жеңіл әрі пайдалы өтуі үшін өз кеңестерімен бөлісетін болады. Ендеше, жылына бір гүлдейтін "Рамазан" атты қасиетті айдың құрметіне ұйымдастырылған сұхбатты жіберіп алмаңыз!

Бөлісу: