Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

12 мамыр 2021

149

Жаңалықтар

КӨПШІЛІКТІҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚҚАН "ХАЛАЛ ДИЕТА" МАРАФОНЫ

Қасиетті Рамазан айының құрметіне ұйымдастырылған "Халал Диета" марафоны өз мәресіне жетті. Отыз күн бойы исі мұсылманға шариғат, медицина, нутрициология талаптарына сай дұрыс та, пайдалы тамақтануға арналған марафон көпшіліктің көңілінен шықты. "Халал Даму" мамандары жүргізген сауалнама бойынша қатысушылардың 83%  "Халал диета" марафонының пайдалы болғандығын жеткізді.

"Рамазан айында ораза ұстау барысында денсаулыққа қатысты ескеретін маңызды мәселелер бар. Мәселен, ауызашар кезінде апыл-ғұпыл тамақтану, сәресіне тұрмау, майлы тамақ не тәттіні көп жеу секілді дүниелер денсаулығымызға зиянын тигізуі мүмкін. Сол үшін Рамазан айындағы оразаны асқазанға күш түсірмей, денсаулыққа пайдалы болатындай өткізіп,  тамақтану рационына баса назар аудару қажет.  Осы мәселелерді басшылыққа алған "Халал Даму" мамандарының ұйымдастыруымен "Халал диета" марафоны өткізілді. Отыз күн бойы сәресі мен ауызашар уақытында "Халал Дамудың" инстаграмдағы әлеуметтік парақшасында "Халал Диета" ас мәзірі жарияланып тұрды.  Диета нәтижесімен бөліскен оқырмандар санының көптігі марафонның пайдалы болғандығының көрінісі. Алла амандығын берсе алдағы жылы да ұйымдастыруды жөн көріп отырмыз", – дейді "Халал Даму" директоры Айбек Асқарбекұлы.

"Сәресінен ауызашарға дейін аш жүргендіктен қандағы глюкозаның деңгейі түсіп кетеді. Бұл адамда алдына келгеннің бәрін бір сәтте жалмап жеп қою сезімін оятады. Ал асығыс-үсігіс, апыл-ғұпыл тамақ жеу глюкозаның бір сәтте көтерілуіне және ауызашар дастарханынан кейін бірден ұйқының келуіне, сондай-ақ бас ауруына себеп болады. Мұнымен қатар тамақты әбден шайнамай жұта салғандықтан ағзаңызда тоқтық гормоны бөлініп үлгермей, бұдан қарын тоймағандай боп, небір көз жауын алар тәтті тамақтардан бас тарта алмай, қажетті мөлшерден көп тамақтанып қоюыңыз мүмкін. Бұдан асқазаныңыз ас қорыта алмау проблемасына душар болып, Рамазаннан кейін салмақ қосу проблемасына тап боласыз", – деген "Халал Даму" маманы Айзат Сатаева "Халал диета" ас мәзірін құрастыруда астың адалдығына ғана емес, денсаулыққа пайдалы, оразаның жеңіл өтуі секілді жайттардың да ескерілгендігін жеткізді.

Қасиетті Рамазан айының оразасында "Халал Даму" ұсынған "Халал Диета" марафонына қатысқан барлық оқырмандарға алғысымызды білдіреміз. Жаратқан Иеміз ұстаған оразаларыңыз бен жасаған амал-құлшылықтарыңызды қабыл еткей!

Бөлісу: