Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

17 наурыз 2023

117

Жаңалықтар

“ХАЛАЛ-ШАРИҒАТ ТАЛАБЫ” ИМАМДАРҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ

Абай облысына арнайы іс-сапармен келген ҚМДБ «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау орталығының директоры Айбек Аташев Абай Құнанбайұлы орталық мешітінде имамдарға семинар-тренинг өткізді.  “Халал – шариғат талабы” тақырыбында өткен шараға қала, аудандардан 30-ға жуық имам қатысты.

Семинар барысында Айбек Асқарбекұлы кәсіпорындарға қалай тексеріс жұмыстары жүргізілетінін, халал сертификаттары қалай берілетінін және енгізілген өзгерістер төңірегінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, табиғи қоспалар және доңыздан өндірілген түрлі заттардың діни және ғылыми негіздерге сүйеніп, харамдығын дәлелдеп берді.

Облыстың Бас имамы Асқар Әбітайұлы “Халал” апталығы барысында өткізіліп отырған семинарда: «Құран Кәрімде: Алла Тағаланың  ұлы сөздері қасиетті Құран Кәрімде адамзат баласына көл-көсір нығметтер беріп, жер бетіндегі халал мен харам нәрселердің ара жігін айырып көрсеткен. Алла пендесі  үшін нені халал десе, ол сырда қайыр мен хикмет бар, ал нені харам десе, онда адам ғұмыры үшін ұшан-теңіз зиянның бар екендігі күмәнсіз», – деп халал өнімдердің адам өміріндегі маңыздылығына тоқталды.

Еске сала кетейік, қазіргі таңда Семей қаласында халал сертификатын алған 15 кәсіпорын жұмыс атқаруда. Аталмыш кәсіпорындарға кезекті тексеріс жұмыстары жүргізіліп, «QMDB Halal» сертификатының маңыздылығы түсіндірілуде. Сондай-ақ жаңадан сертификат алуға ниетті кәсіпорындармен кездесу ұйымдастырылып, өтініштері қарастырылды.

Бөлісу: