Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

11 қазан 2023

591

Пәтуалар

ИТТІҢ МАЙЫН ДЕНЕГЕ ЖАҒУҒА БОЛА МА?!

Шариғатымызда иттің еті, сілекейі нәжіс, харам болып саналады. Өйткені ит азу тісті жыртқыш аңдардың қатарына жатады. Ол жөнінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Азу тісті әрбір жыртқыш аңды жеу – харам»[1], – деген. Сондай-ақ, итті сатып ақшасын пайдалану харам екендігіне байланысты Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Итті сатып тапқан табысы – харам»[2].

Енді иттің майын емдік мақсатта пайдалануға келсек, Ханафи мәзһабында жеуге тыйым салынған жануарлардың еті және тағы басқа нәрселерімен емделуге болмайды [3]. Ибн ән-Нужайм әл-Ханафи: «Харам нәрселермен емделу ғалымдардың арасында тартысты мәселе. Алайда «әз-Захира» кітабында: «Харамнан басқа еш ем табылмаса және ол ауруға ем болатыны нақты болса, онымен емделуге рұқсат»[4], – деген. Ал Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Алла Тағаланың харам еткен нәрселерінде сендерге шипа жоқ»[5], – деген хадисі емі жоқ нәрселерді ғана қамтиды [6]. Сол үшін ғалымдар адал әрі таза дәрі табылмаған жағдайда ғана дәрігер иттің майын жағуға кеңес берсе оған рұқсат берген[7].

Сондықтан әділ әрі сенімді мұсылман дәрігер аурудың жалғыз емі – иттің майын жағу және оның еш зияны жоқ деген қорытынды жасаған жағдайда әрі оның орнын басатын халал дәрі табылмаса, онда оны емдік мақсатта қолданудың оқасы жоқ.  

[1] Муслим, №1933;

[2] Муслим, №1568;

[3] Хашияту ибн Абидин, 1/325;

[4] әл-Бахру әр-Раиқ шарһу канзу ад-дақаииқ, 1/122;

[5] Бұхари риуаяты;

[6] Радду әл-Мухтар, 1/365;

[7] Хашияту ибн Абидин, 7/480.  


Табарак Қамит

Жетісу облысы бойынша пәтуаға жауапты маман


Бөлісу: