Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

29 шілде 2024

298

Пәтуалар

ӘЙЕЛ АДАМНЫҢ ЕР ДӘРІГЕРГЕ ҚАРАЛУЫНА БОЛА МА?

Шариғатта бөгде адамның әуретіне қарау харам етілген. Ол туралы Алла Тағала Құранда былай дейді:

قُلْ لِلْمُؤْمِنِينَ يَغُضُّوا مِنْ أَبْصَارِهِمْ وَيَحْفَظُوا فُرُوجَهُمْ.

«(Мұхаммед Ғ.С.) Мүміндерге айт: (Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын»[1].

وَقُلْ لِلْمُؤْمِنَاتِ يَغْضُضْنَ مِنْ أَبْصَارِهِنَّ وَيَحْفَظْنَ فُرُوجَهُنَّ.  

«Мүмін әйелдерге де айт: «(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын»[2].

Тек зәрулік жағдайда дәрігерге науқастың ауырған жеріне қарауға рұқсат етіледі[3]. Бұл «зәрурат кезінде тыйым салынған нәрселерге рұқсат етіледі», «зәрулік белгілі мөлшерімен ғана мөлшерленеді»[4], – деген фиқһи қағидаларға негізделеді. 

Ханафи мәзһабының ғалымы әл-Мәусули былай дейді: «Дәрігер емдеу әдісін әйел кісілерге үйретуі тиіс. Себебі ер кісінің әйелге қарағанынан әйелдің әйелге қарағаны жеңілдеу әрі бүліктен аулақ болады. Ал оған мүмкіндік болмаса, онда шамасы келгенше көзін тыяды. Екі қабат әйелді босандырып жатқан акушер әйел де барынша көзін тыюға әрекет етеді»[5], – деп келген.

Сондықтан әйел адам мұсылман әрі шебер әйел дәрігерді таңдауы тиіс. Ол болмаса басқа дін өкілі болса да сенімді, тәжірибелі әйел кісіге жүгіну керек. Ал олар табылмаған жағдайда ғана сенімді мұсылман ер кісіге жүгінеді. Бірақ міндетті түрде әйелдің махрамы (туыстары) немесе сенімді адамдары болу керек. 

 

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

[1] «Нұр» сүресі, 30-аят.

[2] «Нұр» сүресі, 31-аят.

[3] Марғинани, «әл-Һидая шарху бидаяти әл-мубтади би шархи Абдулхай әл-Ләкнауи», 7/191.

[4] Ибн Нужәим, «әл-Әшбәһу уә ән-нәзайыр», 73.

[5] Әл-Мәусули, «әл-Ихтияр ли тағлили әл-мухтар», 4/109.

Бөлісу: