Косметикалық өнімдерді пайдалануға бола ма?!
Косметика деп тазалық пен сыртқы көрінісі жағынан сыртқы түрін жақсарту үшін қолданылатын өнімдерді айтады. Ол әдетте жергілікті қолдануға, яғни шашқа, теріге, тырнаққа және ерінге арналады.
Ежелден адам баласы, әсіресе әйелдер қауымы сыртқы келбетін жақсартуға, теріні күтуге ерекше мән берген. Ілгері уақытта адамдар бетін, кірпігін, қабағын бояп, шашын бұйралап, әтірлердің орнына хош иісті майларды пайдаланған. Олар құрамына қазіргідей мал және өсімдік майлары, эфир майлары, түрлі шайырлар мен бояулар енгізілген хош иісті майларды әтір орнына қолданған.
Шариғат бойынша төмендегі шарттар табылған жағдайда ғана әйелдерге косметикалық бұйымдарды қолдануға рұқсат беріледі:
- Косметиканы күйеуіне сұлу көріну үшін немесе әйелдер мен жақын туыстарының алдында әдемі көріністе болу үшін қолдану дұрыс. Бірақ бөгде ер адамдардың алдында жасанып, боянып жүруге рұқсат берілмейді. Өйткені әйел кісі бөгде ер адамдардың алдында барынша жабық, оранған хәлде болу керек. Демек мұндай кезде әйел адам қалай боянып жүре алады?!
- Косметикаға қолданатын бұйымдар қына (қызыл сары өсімдік бояуы), сүрме секілді таза зат болу шарт. Өліксенің майын немесе нәжіс нәрсені қолдану дұрыс емес. Себебі шариғатымыз нәжіс және харам заттарды, сондай-ақ адам мүшесін қолданудан қайтарған.Сондықтан еті желінбейтін құстар мен жануарлардың ақуызы, әсіресе шошқа майы мен ақуызы және әйелдің ұрықжолдасы (жүктілік кезінде жатыр ішінде дамитын, ана мен жатыр қуысындағы нәресте арасындағы байланысты қамтамасыз ететін маңызды мүше) қосылған косметикалық өнімдерді пайдаланбау керек.
- Косметикалық заттар тән мен теріге зиянды болмауы тиіс. Сол сәтте немесе кейіндеу зияны тиетін химиялық өнімдерді пайдалану дұрыс емес. Себебі шариғатымыз өзіне зиян жеткізуден қайтарған. Оған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Өзіне және өзгеге зиян жеткізуге болмайды» деген сөзі дәлел (Ибн Мәжа).
- Косметикалық заттардың денеге әсері уақытша болуы шарт. Өйткені ернін ісіндіру, бетін тым тарту, тәнінде тұрақты қалатындай тату салу, терінің түсін өзгерту секілді Алла Тағаланың әуелдегі жаратылысын өзгерту күнә болып саналады.
Шариғат және пәтуа маманы Хасан Аманқұл