«КУРОЧКА РЯБА» ҚАСАПШЫЛАРЫ «БИСМИЛЛӘМЕН» СОЯДЫ
**«ҚМДБ Халал» оқыту және білім жетілдіру орталығында «Курочка Ряба» сауда белгісімен танылған құс еті өнімдерін өндіруші «Capital Projects LTD» кәсіпорынның қызметкерлеріне оқу-семинар өткізілді.** «Курочка Ряба» құс фабрикасы қызметкерлерінің халал жөнінде білімін жетілдіру мақсатында өткізілген семинарға «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл, «Халал Даму» ветеринариялық санитария ісінің маманы Данияр Сафиев дәріс оқыды. «Тұтынушылар тарапынан «Курочка Ряба» құс фабрикасы малды «бисмилләмен» соя ма, қасапшылар мұсылман ба деген сұрақтар жиі қойылып жатады. «Халал Дамудың» барлық құс фабрикаларына қоятын талабы бірдей әрі қатаң. Бұның барлығы астың адалдығына жүктелетін жауапкершіліктің мол екенін аңғартады. Өз кезегінде құс фабрикалары бірнеше сатылы тексеруден өтеді: кәсіпорын бойынша айлық бақылау, зертхана тексерісі, жоспарсыз аудит жұмыстары. Сол себепті әр қызметкердің халал туралы толық да терең мағлұматы болуы біз үшін маңызды. Кейбір отандық құс фабрикалар мен қасапханаларда жануарды механикалық тәсілмен немесе ауыр заттармен ұрып өлтіру қолданылады. Осындай тәсілдермен сойылған малдың бойында қан ұйып, арам қаннан толықтай тазармағандықтан инфекция таратып, нәтижесінде адам ағзасында түрлі аурулар пайда болады. Мұндай тәсілдермен бауыздалған мал еті шариғат талаптарына сай емес. Сондықтан біз республика көлемінде қасапшыларды оқытуды қолға алып, осындай оқу-бағдарламасын ұйымдастырып, оқу орталығын ашып отырмыз», – деді Айбек Асқарбекұлы оқу орталығында алғашқылардың бірі болып дәріс тыңдаған құс фабрика қызметкерлеріне. Семинар барысында Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл құс кәсібі мен жем азығына қойылатын шариғат талаптарға тереңірек тоқтала отырып, малды Алла Тағала адам ризығы үшін жаратқан десек те оның өзінше тәртібі, міндеттері және союдың әдебі бар екенін түсіндірді. Малды Алланың атымен бауыздамауы және пышақпен емес, қинап электр тогымен немесе басынан ұрып өлтіру малдың етін жарамсыз (харам) қылатынын жеткізді. Ветеринариялық санитария ісінің маманы Данияр Сафиев халал стандарты бойынша құс азығынан бастап, бауыздау, өңдеу, сақтау, тасымалдау және сатуға қойылатын барлық кезеңдерге жіті тоқталып өтті. Оқу курсы соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді. Дәріс тыңдаушылары білімін жетілдіруге мүмкіндік берген «Халал Даму» ұйымдастырушыларына алғыс білдірді. ![IMG_9971 (1).JPG](https://halaldamu.kz/storage/app/uploads/public/5fb/607/4bb/5fb6074bb36a7568471680.jpg) ![IMG_9947.JPG](https://halaldamu.kz/storage/app/uploads/public/5fb/607/736/5fb60773664f9466052021.jpg) ![IMG_9956.JPG](https://halaldamu.kz/storage/app/uploads/public/5fb/607/a02/5fb607a02909d566294685.jpg) ![IMG_9987 (1).JPG](https://halaldamu.kz/storage/app/uploads/public/5fb/607/cc1/5fb607cc1ad69914073563.jpg) ![IMG_9963.JPG](https://halaldamu.kz/storage/app/uploads/public/5fb/607/f6b/5fb607f6b9163842882793.jpg)