Ақмола облысы: «Макинск құс фабрикасы» тексерілді
Ақмола облысында орналасқан ірі құс фабрикаларының бірі Макинск құсфабрикасында бақылау-қадағалау шаралары жүргізілді. Кезекті тексеріс жұмыстарын «Халал Даму» ветеринариялық санитария ісінің маманы Данияр Сафиев және технолог маман Нұрбек Кабыкенов орындады.
Ақмола облысы, Бұланды ауданында орналасқан құс фабрикасында жүргізілген тексеріс барысында құстардың жем-азығының таза болуы, шариғат және стандарт талаптарына сай қолмен бауыздалуы секілді өзге де ережеге сәйкес шарттардың орындалуы қадағаланды.
Бақылау-қадағалау шараларынан кейін «Макинск құс фабрикасы» қызметкерлеріне «Халал Даму» мамандары дайындаған арнайы дәріс өткізілді. Бұндай дәрістер халал стандартына сай жұмыс жасайтын кәсіпорын қызметкерлерінің шариғи білімін арттырып, стандартқа сай қызмет көрсету біліктілігін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылып тұрады.
Аудит қорытындысы бойынша, шариғат шарттары мен халал стандарты ережелерін бұзу жағдайлары тіркелмеді.