ОРАЗАҒА "ХАЛАЛ ДИЕТА" АС МӘЗІРІ ҰСЫНЫЛДЫ
**Қасиетті Рамазан айының қарсаңында "Халал Даму" мамандарының ұйымдастыруымен 30 күнге 30 түрлі ас мәзірін ұсынатын "Халал диета" онлайн марафоны көрменге жол тартты.** "Ораза – ашығу айы емес, алайда, тамақты тоя жейтін мезгіл де емес. Ораза – деннің саулығын сақтай отырып, Жаратқанға құлшылық қылатын ай. Дегенмен, көптеген адамдардың сәресі мен ауызашарда дұрыс тамақтанбауы себепті күні бойы аштықты сезінгендей немесе шөлдегендей болып, тек асқазанның қамын ойлайтындай жағдайға жетеді. Бұның барлығы түптеп келгенде, зиянды тағам мен дұрыс ас мәзірін даярламаудың салдары. "Халал диета" артық салмақты адамдарға, жүрек қан тамырларының ауруы бар адамдарға, содан кейін бауыры мен өт жолы ауыратын адамдарға пайдалы. Өйткені ораза организмдегі шлактарды шығаруға мүмкіндік береді. Мәселен, күніне төрт мезгіл тамақ ішу керек дейтін болсақ, сол тамақтарды ішіп жүрген кезде ол белгілі бір деңгейдегі заттарға ыдырайды да, шлактардың шығуына мүмкіндік болмайды. Ал ашығу кезінде іште жатқан тұздардың еруіне, адам организміндегі артық қалдықтардың тазаруына мүмкіндік туады, – деген Айбек Асқарбекұлы бұл марафонның медициналық тұрғыдан денсаулығында ақауы бар адамдарға пайдасы зор екендігін жеткізді. "Халал диета" марафонының ас мәзірін дайындаған технолог, медицина маманы, нутрициолог Айзат Сатаева: "Ашығу кезінде адамның жүйке жүйесі, асқазаны тітіркенген жағдайда тұрады. Әлсіреп, шаршап тұрасыз. Сондай кезде, бірден қуырылған тамақ жеуге болмайды. Екіншіден, ащы тамақ жеуге тағы болмайды. Өйткені ашығу кезінде асқазандағы сөл көбірек бөлініп тұрады да, қышқыл бөлу деңгейі сәйкес келмей астың қорытылуына кері әсерін тигізеді. Үшіншісі – малдың майы. Кез-келген малдың майының құрамында жүрек қан тамырларының жүйесін бітеп қалатын қышқылдар өсімдік майларымен салыстырғанда көбірек болады.Денсаулыққа ең пайдалысы – таза асылып, піскен ет. Сосын сорпалы тамақты неғұрлым көбірек ішу қажет.Міне, тағам құрамы мен құрылымының адам организміне әсері мен пайдасын ескере келе сәресі мен ауызашарға арналған арнайы ас мәзірін ұсынып отыруды жөн көрдік", – дейді. Алланың мейірімі мен кеңшілігінен үміт ете ораза ұстаған барша жандарға Рамазан айын тәніміз бен жанымыз үшін де пайдалы өткізуге кеңес береміз! Ендеше, білікті мамандардың кәсіби кеңесімен дайындалған "Халал диета" марафонын жіберіп алмаңыз! ![WhatsApp Image 2021-04-14 at 11.05.36.jpeg](https://halaldamu.kz/storage/app/uploads/public/607/678/d08/607678d0856e0701671023.jpeg)