ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНДА ҚОҒАМДЫҚ ТАМАҚТАНУ ОРЫНДАРЫНДА АЙЛЫҚ АУДИТ ЖҮРГІЗІЛДІ
Қостанай қаласында "Халал Даму" стандарт талаптарының сақталуын бақылау мақсатында бірқатар қоғамдық тамақтану орындарында жоспарлы айлық аудит жұмыстары өткізілді. Аудит шаралары «Халал Даму» мекемесінің Қостанай облысы бойынша жауапты өкілі Әлішер Ертайұлының қатысуымен өтті.
Тексеріс барысында «Муслима», «Turkish Kebab House», «Мали», «Моя узбечка», «Юрта», «Bauyrdaq» және «Qazan» қоғамдық тамақтану орындарында тағам дайындауда қолданылатын шикізаттың халал талаптарына сәйкестігі, санитарлық-гигиеналық жағдай және өндірістік процестердің бекітілген стандарттарға сай жүргізілуі жан-жақты қаралды.
Сонымен қатар, мекеме қызметкерлеріне халал стандарт талаптарын сақтау, ішкі бақылауды күшейту және құжаттаманы дұрыс жүргізу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тексеру нәтижесінде анықталған кемшіліктер бойынша тиісті ұсынымдар беріліп, жалпы халал талаптарын сақтау деңгейі қанағаттанарлық деп бағаланды.













