Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

07 қыркүйек 2021

1711

Мақалалар

ҚАНТ АЛМАСТЫРҒЫШТАР ПАЙДАЛЫ МА?!

Қант алмастырғыштар немесе тәттілендіргіштер – тамақ өнімдеріне тәтті дәм беретін және қанттың орнына қолданылатын заттар мен химиялық қосылыстар. Қантпен салыстырғанда, тәттілендіргіштер аз калориялы болады. Қанттың адам ағзасына өте зиян екендігі белгілі. Сондықтан адамзат баласы тағамға тәттілендіргіштерді қолдана бастады. Олардың арасында зияндысы да әрі өте қауіпті тәттілендіргіштер де бар. Тәттілендіргіштер зиянды ма, олардың маңызды айырмашылығы неде және диета үшін қандай тәттілендіргіштерді қолданған дұрыс екенін анықтайық.

Тәттілендіргіштер – қантты қолданбай, тағамдарға тәтті дәм беру үшін қолданылатын заттар. Қандай қант алмастырғыштың пайдалы екенін түсіну үшін, біріншіден, олардың әрқайсысын зерттеу керек, екіншіден, денсаулыққа ең зиянсызы бұл табиғи тәттілендіргіштер екенін есте сақтау керек. Барлық тәттілендіргіштердің үш түрі бар: табиғи, синтетикалық және жартылай синтетикалық. Табиғи тәттілендіргіштер қауіпсіз саналады. Организм оны жақсы сіңіреді, бірақ мұндай өнімнің бір кемшілігі бар – жоғары калория мөлшері. Жартылай синтетикалық тәттілендіргіштердің көбісі табиғатта кездеседі. Мысалы ксилит қайың ағашында көп болғандықтан оны «қайыңды қант», эритрит қауында көп болғандықтан, «қауынды қант» деп атайды. Технологияға байланысты, оларды табиғи жолмен де, синтетикалық, микробиологиялық тәсілмен де өндіруіне байланысты олар жартылай синтетикалық болып есептеледі. Адам ағзасына аз мөлшерде зиянсыз. Алайда көп мөлшерде зиянды болатын тұстары да бар. Қантқа қарағанда калориясы аз, төмен гликемиялық индекске ие. Синтетикалық тәттілендіргіштер кәдімгі қанттан 200, 300, 400, 500, 600 есе тәтті химиялық заттар болып табылады. Синтетикалық тәттілендіргіштер адамға тоқтық сезімін бермейді, арықтатуға ешқандай септігін тигізбейді, керісінше адам ағзасы тәуелділікке ұшырап, артық салмақ қосуға бейім болады.

Табиғи тәттілендіргіштерге мыналар жатады:

  • Табиғи бал
  • Рафинацияланбаған қант
  • Фруктоза
  • Стевия
  • Финик, қоңыр күріш сиропы
  • Агава сиропы
  • Үйеңкі сиропы
  • Пальма қанты
  • Патока
  • Глюкоза-фруктозалы сироп

Табиғи тәттілендіргіштердің ішінде фруктоза ең көп талқыға түскен қоспалардың бірі болып табылады. Фруктоза – қанттан 1,5 есе тәтті. Табиғаттағы барлық жеміс-жидектердің құрамында болады. Фруктоза біздің ағзамызға жеміс-жидектермен бірге түскені пайдалы. Қазіргі таңда таза фруктозаның өзін синтездеп, әр түрлі азық-түлік өнімдеріне қосуда. Мысалы: «на фруктозе», «диабеттік» деп аталатын түрлі тәтті печенье, бәліштер, халваларды дүкен сөрелерінен көріп қалып жатамыз. «Өнімдерге мұндай жолмен қосылған фруктоза ағзаға кері әсерін тигізеді»- деп тұжырымдайды мамандар. Себебі біздің ағзамыз фруктозаны тек жеміс-жидектермен бірге қабылдап үйренген. Қосымша қосылған фруктоза өте тәтті, бауырға салмақ түсіреді. Ғалымдар ағзаның фруктозаға реакциясын зерттеу және талдау кезінде оның айқын зиянын анықтады:

• Бұл өнімді үнемі қолданған кезде ағза қанықтылықты сезінбейді, өйткені бұл мидың қанықтыру туралы сигнал беретін лептиннің арнайы гормонын өндіруге әсер етеді. Сондықтан адам үнемі аштықты сезінеді, бұл қатты тәбет пен аштыққа әкеледі. Демек, артық салмақ қосуға себепші болады.

• Төмен калориялы (100 граммға шамамен 400 калория), фруктоза диеталық өнім емес. Ол организмде тек бауырмен өңделетіндіктен (фруктоза бауыр жасушалары арқылы толықтай сіңеді), фруктозаның шамадан тыс мөлшері оны майға айналдырады. Бұл семіздікке және бауырдың қауіпті ауруына – майлы гепатозға әкелуі мүмкін.

• Фруктоза метаболизмі алкоголь метаболизміне ұқсас, өйткені фруктоза бауырға тікелей енеді. Оның артық болуы алкоголизмге тән ауруларды тудыруы мүмкін-жүрек-тамыр, сондай-ақ бауыр функциясының ауыр бұзылуы. Көбінесе бұл метаболикалық синдром сияқты ауыр ауруға әкеледі.

Жартылай синтетикалық тәттілендіргішке жататындар:

1) Сорбит (Е420) - сорбитол мен сүйекті жемістерінен алынады;

2) Маннит (E421) – көптеген өсімдіктерде кездесетін алты атомды алкоголь;

3) Изомальт (изомальтит) (Е953) – жаңа дәуір қоспасы, пробиотик қасиеті бар. Сахарозадан синтезделеді

4) Мальтит (Е965) – крахмалдан бөлінетін мальтозаны гидрогенизациялау арқылы алынады;

5) Лактит (Е966) - сүт сарысуынан алынған сүт қантынан (лактозадан) өндіріледі;

6) Ксилит (Е967) – қайыңды қант;

7) Эритрит (Е968) – қауынды қант;

Синтетикалық тәттілендіргіштерге жататындар:

1) Аспартам – қанттан 200 есе тәтті; 2) Ацесульфам К – қанттан 200 есе тәтті;

3) Цикламат – қанттан 30 есе тәтті; 3) Сукралоза – қанттан 600 есе тәтті; 4) Сахарин – қанттан 450 есе тәтті;

Аспартам мен ацесульфам К ағзаға өте қауіпті қоспалар. Құрамында аспартам бар өнімдерді мөлшерден тыс тұтыну мынадай ауруларға шалдықтыруы мүмкін:

  • неврологиялық аурулар;
  • Альцгеймер ауруы;
  • асқазан-ішек аурулары;
  • бас ауруы;
  • жүрек айну;
  • есте сақтау қабілетінің нашарлауы;
  • гормондардың бұзылуы.

Қазіргі таңда тағам өндірісінде аспартамды қолдану кең белең алғандықтан аспартамсыз тағам, сусын түрлерін табу қиын. Сол себепті, тұтынушыларға аспартамның орнына мейілінше табиғи аналогтары қолданылған тауарларды тұтынуға кеңес береміз.

Қорыта айтқанда, синтетикалық және жартылай синтетикалық өнімдерді, фруктозасы бар өнімдерді қолдануданудан сақтану керек. Табиғи тәттілендіргіштерді қолданған жөн.


Дайындаған: "Халал Дамудың" бас сарапшы технологы
Айжан Омарова



Бөлісу: