ҚОСТАНАЙ: "СТАНДАРТҚА САЙ МАЛ СОЮ" ОНЛАЙН СЕМИНАР
**«Халал Дамудың» Қостанай облысы бойынша жауапты өкілі Алишер Балахмет халал стандарт және шариғат талаптарына сай мал сою тақырыбында онлайн уағыз-насихат жүргізді.** Оқу-семинарда «ҚМДБ халал» стандарты бойынша қасапханалар мен ет өңдеу және сату орындарын сертификаттау, «Қасапшылық сауапты һәм жауапты іс» оқу-бағдарламасы бойынша қасапшыларды оқыту жұмыстарының жүргізілуі, кәсіпорындарды сертификаттау тәртібін түсіндірді. «ҚМДБ халал сертификатын алуға өтініш білдірген кез-келген қасапханаға қойылатын басты талап – малды шариғатқа, стандартқа сай тек қолмен бауыздау. Қасапханаларда оқытылған арнайы қасапшы мамандардың жұмыс жасауы. Қазіргі таңда, ет өндірісінде кездесетін ең басты проблемалардың бірі – малды дұрыс бауыздамау, қинап өлтіру, бір малдың көзінше екінші малды бауыздау, пышақ қайрау, қанын сәйкесінше ағызбау, ет дүкендерінде өлген немесе ауру малдың етін сату. Тұтынушылар мен кәсіпкерлер халал өнімге басымдылық беріп, халал азық-түлікті тұтынатын болса бұл мәселе де жүйеленеді деп ойлаймын. Жеп жатқан етіңіздің халал болуын қаласаңыз ең алдымен өзіңіз халал жөнінде білімді болыңыз және сауда орындарынан халал өнімді талап етіңіз», – деген Алишер Балахмет тыңдармандарға «Мал бауыздау және ет өңдеуге қойылатын стандарт» талаптарын кеңірек түсіндіріп өтті. ![WhatsApp Image 2021-01-27 at 16.05.08.jpeg](https://halaldamu.kz/storage/app/uploads/public/601/28d/c8e/60128dc8e33c7452525405.jpeg)