Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

04 маусым 2021

109

Жаңалықтар

ШЫМКЕНТ: "HALAL EXPO" КӨРМЕСІ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛУДА

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2021 жылға бекіткен жоспарға  сәйкес, ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында шырайлы Шымкентте "Halal EXPO" халықаралық көрмесін өткізу жоспарланған. Халықаралық халал өнімдер көрмесін ұйымдастыру мәселесі бойынша келіссөздер жүргізу үшін "Халал Даму" директоры Айбек Асқарбекұлы Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы мен Мәдениет, тілдерді дамытау және архивтер басқармасының "Көрме орталығы" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын директоры Зухра Әмзеқызымен кездесті.

"Halal EXPO" көрмесін өткізудің негізгі мақсаты – отандық және шетелдік халал кәсіпорын өнімдерін тұтынушылар арасында кеңінен насихаттап, отандық және шет елдік халал тауар айналымын жақсарту, бизнес серіктестер ауқымын кеңейтіп, халал өндіріс технологиясы мен ерекшеліктерін өндірушілер мен халыққа етене түсіндіру. Көрме аясында ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар да өт­кізу жоспарда бар", – деген Айбек Асқарбекұлы халал өнімдер көрмесін өткізудің пайдасы мен артықшылықтарын түсіндіріп, ұйымдастыру барысындағы негізгі мәселелер бойынша келіссөздер жүргізді.

Жоспарға сәйкес, "Халал Даму" ұйымдастыратын "Halal EXPO" көрмесі Шымкенттегі "Көрме орталығында" өткізілмек. Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты көрме орталығының жалпы алаңы 2933.1 ш.м., көрме залының ішкі көлемі 2000 ш.м, кіші залдың аумағы 144ш.м, сыртқы көрме аллеясының аумағы 2000ш.м. 

"Halal EXPO көрмесін өткізуге қала әкімдігі мен жергілікті көрме орталығы ерекше қызығушылық танытып, қолдау білдіруде. Бүгінгі келіссөз – игі бастаманың алғашқы жиыны. Алдағы уақыттағы келіссөздер бекітілген жоспарға сәйкес, нақты шаралар бойынша ұйымдастырылатын болады", – деген Айбек Асқарбекұлы келіссөздің нәтижелі өткендігін жеткізді.

Бөлісу: