Тараз: Бес күнде 30 кәсіпорын тексерілді
**Жамбыл облысында Қазақстан бойынша «ҚМДБ халал» өнімдердің 30% -ы өндіріледі. Өңірдегі сертификатталған кәсіпорындар маусымдық тексерістен өтіп отырады. Кезекті тексеріс жұмыстарын «Халал Дамудың» комиссия мүшелері: ветеринариялық санитария маманы Данияр Сафиев, жергілікті жауапты өкілдер Нұрмаджан Миразизов, Асылхан Нұрмаханұлы, Бахтияр Амиреев жүргізді.** Ең әуелі облыстық мешітте қасапшыларға арналған семинар өткізіліп, мамандар мал сою шарттары туралы түсіндіріп өтті. Семинарда Данияр Бақзейнелұлы халал ризық жеудің маңыздылығы жайында сөз қозғап, халал ризық қасапшының өз ісіне адал болуымен тығыз байланысты екендігін атап өтті. Сонымен қоса, малды бауыздау кезінде жасалатын негізгі шарттарды, жануарды қинамай "бисмилләмен" бауыздау, пышақты жануардың көзінше қайрамау, жануардың толық қаны шықпай тұрып жұлынын үзбеу сынды т.б. назар аударатын жайттарды атап өтті. Жиынға қаладағы бес аймақтың имамдары, жергілікті қасапшылар қатысты. Семинар соңында екі қасапшыға сертификат табысталды. Атаулы шарадан соң комиссия шұжық цехтарына ат басын бұрып, кәсіпорындарда халал стандарт нормасының сақталуын қадағалады. Бақылау-қадағалау шараларын «Сарыбас» цехынан бастаған мамандар Жамбыл облысында орналасқан 30 цехты аралап, жұмыс барысымен танысты. Әр кәсіпорынның қызметкерлеріне халал өнімдерді дайындау технологиясы, тағамдық қоспалар, санитарлық-тазалықты қадағалау жөнінде насихат айтылды. Бес күнге созылған тексеріс барысында мамандар Тараз қаласында орналасқан «Кәусар», «Kish-mish» қоғамдық тамақтану орындарына да барып қайтты. Қоғамдық тамақтану орындарының ас дайындайтын орындарының тазалығын, азық-түлік қоймасын толықтай аралып шығып, талаптардың орындалуын қадағалады. Дәмханалардың қызметкерлерімен сұхбат өткізіп, ас даярлаудағы халал мәселесіне тоқталды. Сонымен қатар, тексеріс барысында стандарт талаптарын толықтай сақтамаған, ескерту алған кәсіпорындарға «Халал Дамумен» жұмыс барысы тоқтатылатындығы жөнінде ескертілді. Атап айтқанда, "Мясной мир" шұжық цехтарының "Халал Дамудың" бақылауынан шығарылғандығын хабарлаймыз! ![Photo-1613023709-21937.jpg](https://halaldamu.kz/storage/app/uploads/public/602/a18/65a/602a1865ac4eb807499546.jpg) ![Photo-1613023675-46253.jpg](https://halaldamu.kz/storage/app/uploads/public/602/a18/742/602a187426892766890586.jpg) ![WhatsApp Image 2021-02-11 at 18.23.53.jpeg](https://halaldamu.kz/storage/app/uploads/public/602/a1a/10e/602a1a10e652d465881711.jpeg) ![6eb7e87d-fb8f-4928-adfb-76f78422dcbc.jpg](https://halaldamu.kz/storage/app/uploads/public/602/a18/797/602a187976217251131580.jpg) ![Photo-1613118801-58109.jpg](https://halaldamu.kz/storage/app/uploads/public/602/a18/804/602a18804230c063553291.jpg)