ЖАМБЫЛ ОБЛ.: БІРҚАТАР КӘСІПОРЫНДАР СЕРТИФИКАТТАЛДЫ
Жамбыл облысындағы бірқатар кәсіпорындар «QMDB Halal» стандарты талаптарына сай сертификатталды. Атап айтқанда: «Chiki-chiki», «Abayas» дәмханалары, «Chef star» кофеханасы, «Дим-ка» кондитерлік өндірісі, «Сарыбас» шұжық цехы халал талаптарына сай деп танылды. Сертификатты Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы табыстады.
«Халал Дамудың» жергілікті өкілдері мен технолог мамандары аудит шараларына қатысып, кәсіпорындардың өндірістік процестері, санитарлық-гигиеналық талаптары, шикізат көздерінің сенімділігі және өнімдердің шариғат талаптарына сәйкестігі егжей-тегжейлі тексерілді.
Асқар Зәкіржанұлы өз сөзінде халал сертификаттау тек өнімнің сапасын ғана емес, сондай-ақ тұтынушылардың сенімін арттыратынын атап өтті. Ол кәсіпкерлерге халал стандарттарын бекем ұстануға кеңес беріп, қоғамда халал өнім тұтыну мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын ерекше айтты.
Сертификат алған кәсіпорындардың басшылары мен қызметкерлері өз кезегінде халал өнімдер өндіруге жауапкершілікпен қарайтындықтарын жеткізіп, тұтынушыларға сапалы және сенімді өнім ұсынуға уәде берді. Бұл шара Жамбыл облысында халал өнімдер нарығын дамытудың және тұтынушылардың таңдау мүмкіндігін арттырудың маңызды қадамы болды.


