ЖАНУАРЛАРДЫҢ ЖЕУГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН МҮШЕЛЕРІ
Исламда халал тағам ұғымы тек малдың халал болуы және шариғатқа сай сойылуымен ғана шектелмейді. Сонымен қатар, малдың кейбір мүшелерін жеуге тыйым салынған. Әсіресе Ханафи мәзһабында бұл мәселеге ерекше мән беріледі. Бұл тыйымдар Құран мен сүннетке, сахабалар мен ғұламалардың ижтиһадтарына, сондай-ақ адам денсаулығын қорғауға бағытталған даналыққа негізделген.
Құран Кәрімде Алла Тағала: «Саған өлексені, қанды, доңыздың етін және Алладан басқаның атымен сойылғанды харам етті» (Бақара сүресі, 173-аят), – деп баяндайды. Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) хадистерінде малдың лас әрі жиіркенішті бөліктерін жеуден тиған. Ханафи ғұламалары бұл тиымды «хабис» (табиғаты лас, жиіркенішті) ұғымымен байланыстырады. Яғни адам болмысына қайшы, зияны басым мүшелер жеуге жарамсыз деп есептелген. Сондай-ақ сахабалардан жеткен риуаяттарда малдың жыныс мүшелері, бездері мен қаны желінбегені айтылады.
Ханафи мәзһабы ғалымдарының пікірінше, төмендегі мал мүшелерін жеуге болмайды (харам немесе мәкрүһ тахрими):
- Еркек малдың жыныстық мүшесі;
- Еркек малдың екі жұмыртқасы (ұрық бездері);
- Ұрғашы малдың жыныстық мүшесі;
- Еттегі бездер (лимфа және эндокриндік бездер);
- Өт (өт қабы және өт сұйықтығы);
- Қан (аққан қан)
Қазіргі медицина мен биология ғылымы Ханафи мәзһабы бойынша малдың тиым салынған дене мүшелерін жеудің даналығын айқын көрсетеді. Жыныстық мүшелер мен ұрық бездерінде тестостерон, эстроген сияқты гормондар өте жоғары мөлшерде шоғырланады. Бұларды тағам ретінде пайдалану адам ағзасындағы эндокриндік тепе-теңдікті бұзып, әсіресе балалар мен жасөспірімдерде гормоналдық ауытқуларға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар бұл мүшелер инфекциялар мен паразиттердің жиналуына бейім болып келеді. Ал бездерге келер болсақ, лимфа және эндокриндік бездер ағзадағы улы заттарды, бактерияларды және зат алмасу қалдықтарын сүзетін негізгі құрылымдар саналады. Лимфа бездері микробтар мен вирустарды ұстап қалатындықтан, оларды тағам ретінде қолдану микробиологиялық қауіп тудырады, ал эндокриндік бездер арқылы ағзаға гормондардың шамадан тыс түсуі гормоналды жүйенің бұзылуына себеп болуы ықтимал. Өт пен өт қабы да медициналық тұрғыдан қауіпті, себебі өт – ағзадан улы қалдықтарды шығаруға арналған сұйықтық. Оның құрамында қышқылдар мен токсиндер көп болғандықтан асқазан-ішек жолын қатты тітіркендіреді, улану мен аллергиялық реакция қаупін арттырады. Қанға келетін болсақ, ол бактериялар, паразиттер мен токсиндердің негізгі тасымалдаушысы болып табылады. Ал ғылыми зерттеулерде қаннан дайындалған тағамдардың жұқпалы ауруларды тарату қаупі жоғары екені дәлелденген. Осы себепті ислам дінінде аққан қанды жеуге қатаң тыйым салынған.
Ханафи мәзһабы бойынша малдың кейбір мүшелерін жеуге тыйым салу – үлкен даналыққа негізделген үкім. Бұл тыйымдар Құран мен сүннетке сүйеніп қана қоймай, қазіргі медициналық және ғылыми деректермен де толық үйлеседі. Сондықтан халал тағам тұтыну – тек сенім мәселесі емес, сонымен қатар денсаулық пен өмір сапасын сақтаудың маңызды жолы болып табылады.