АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТЕКСЕРІС ЖАЛҒАСУДА
«Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлының Алматы облысына іс-сапары барысында «Первомайские деликатесы» шұжық цехы және «Якар» кондитерлік кәсіпорны тексерілді. Бақылау-қадағалау шараларына Алматы облысының бас имамы Мадияр Тағайбайұлы және халалдың жергілікті өкілі Жанәбіл Жұмабеков, технолог Әселхан Сәбитқызы қатысты.
«Первомайские деликатесы» шұжық цехында өндіріс процесі мұқият зерттеліп, шикізат пен дайын өнімнің халал талаптарына сәйкестігі тексерілді. Сарапшылар шұжық өнімдерінің құрамын, өндіріс орнындағы тазалық жағдайын және технологиялық процестердің шариғат нормаларына сәйкестігін бақылады.
Ал «Якар» кондитерлік кәсіпорнында өндіріс барысында қолданылатын шикізаттар мен қоспалардың халал стандарттарына сәйкестігі тексерілді. Қатысушылар зауыттың өндірістік желісімен танысып, өнімдердің құрамына жан-жақты талдау жүргізді. Аудит қорытындысы оң нәтиже көрсетіп, кейбір өндірістік процестер бойынша кәсіпорын басшылығына тиісті ұсыныстар берілді. «Халал Даму» өкілдері халал талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында бақылау шараларын тұрақты түрде жалғастыратынын атап өтті.