АҚТАУ: «DEKMY» СҮТ ЗАУЫТЫ ТЕКСЕРІЛДІ
Ақтау қаласындағы «Dekmy» сүт зауытында кезекті бақылау жұмыстары жүргізілді. Аудит шараларын «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы бастаған мекеме мамандары орындады.
Тексеру барысында өндірістік цехтар, қоймалар мен дайын өнім сақтау орындары мұқият қаралды. Сарапшылар сүт өнімдерінің технологиялық процесін, қолданылатын қоспалар мен шикізаттардың шығу тегін, сондай-ақ жабдықтардың тазалығын және өндіріс қызметкерлерінің санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау деңгейін жан-жақты бағалады.
Аудит нәтижесінде кәсіпорында халал стандартының негізгі талаптары сақталғаны анықталды. Зауытта өнімнің әр кезеңінде сапаны бақылау жүйесі жолға қойылғаны, шикізат жеткізушілерінің тиісті құжаттамалары бар екені және дайын өнімнің халал талаптарына толық сәйкес келетіні нақтыланды.
Сонымен қатар, «Халал Даму» мамандары кәсіпорын қызметкерлеріне халал стандарттарының өзектілігі мен маңыздылығын түсіндіріп, білімдерін жетілдіру мақсатында қысқаша семинар өткізді. Мамандар өнім сапасын үздіксіз бақылауда ұстау, технологиялық процестердің тазалығын сақтау және өндіріс қауіпсіздігін арттыру бағытында бірқатар ұсыныстар берді.



