Елімізде қаптап кеткен «Халал су», «Халал тоңазытқыш», «халал ТЖС» сияқты ұғымдарға жол бермеу керек. Бұл туралы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының аппарат басшысы Ғалымбек Мәжиев Baq.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
«Халал» терминінің теріс бағыт алуына жол бермеу қажет - Ғ.Мәжиев
«Халал мәселесіне білікті мамандар ғана араласуы керек. Біздің елде халал стандарттарды қолданатындар көбейіп кетті. Мысалы, халал көлік жөндеу орыны (ТЖС), халал су, халал тоңазытқыш дегендер қаптап тұр. Оның барлығына біз жол бермеуіміз керек. Біз әр нәрсені халал деп айту үшін оның ислам және шариғи заңын зерттеуіміз керек. Ол ас бола ма, қызмет немесе басқа өнімдер бола ма, бұның барлығын зерттеп, еліміздегі халал терминінің теріс бағыт алуына жол бермеуіміз қажет. Мысалы, елордада "Халал су" деген белгі бар. Бірақ Діни басқарма халал судың стандартын дайындаған жоқ, мұндай сертификатты да әлі ешкімге берген жоқ. "Халал су" деген бөлек бір ғылыми жүйе», - деді Ғ.Мәжиев.
Басқарма өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда «Халал» деген сертификат беретін бірнеше жекеменшік мекеме бар. Мекемелерін заңды негізде құрып алған олар сертификатты өздерінің мамандарының талдауы бойынша беріп жатыр. Осының барлығын жойып, Қазақстанда бір халал логотипін енгізу керек. Сәйкес сертификатты да Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы ғана беруі тиіс.
«Біз келген компаниялардың артынан еріп, тек бизнес жағын алып қарамауымыз қажет. Ең басты мәселе - ақша табу, пайда көру емес, бастысы - елімізде сапалы, дұрыс халал индустриясын құру», - деді Ғ.Мәжиев.
Оның айтуынша, халал дегеніміз Алла Тағаланың атынан мұсылмандарға жеуге рұқсат етілген адал деген ұғымды білдіреді. Ол тек тамаққа қатысты қолданылмайды. Дегенмен, бастапқыда ұғым асқа қатысты ғана айтылған. Бірақ қазіргі ислам өркениеті дамыған заманда халал нарығы да өркендей түскен. Халал ас, халал жеміс-жидек, халал киім, халал косметика, халал туризм, халал сауда, халал логистика, экохалал деген ұғымдар пайда болған.
«Мұның түпкі мәні - мұсылмандарға адал ас жеп, адал киініп, адал жүріп-тұрып, адал жерге барып демалып, барлық жағынан адал қызмет етуде жатыр», - деді Ғалымбек Мәжиев.
Атап өтсек, жуырда елімізге халал индустрия саласындағы малайзиялық сарапшылар келіп, өз тәжірибесімен бөлісті. Мәселен, Малайзияда халал сертификатын діни мекеме ғана береді екен.