Адал мен арам тағамды ажырату маңыздылығы
Мұндай ақпараттық-ағартушылық шарасы өскелең ұрпақ үшін маңызды екенін ескерек, әрбір білім және тәрбие шаңырақтарымен қатар әр отбасы үшін керек екендігін айта кеткіміз келеді.
Бүгінде қоғамда кездесіп жатқан сан түрлі келеңсіздіктердің түпкі себептеріне үңілсек, ата дініміздің талаптарына тірелетінін әркім біле бермес. Ал адал ас, адал мен арам мәселелері қоғамымызда аз топты ғана алаңдатып тұрғанын аңғару қиын емес. Сондықтан Нұр-Мүбарак университетінің „Қыз Жібек„ қыз-келіншектер клубы „Адал, арам және күмәнді тағамдар„ төңірегінде семинар өткізді. Ондағы мақсат, отбасындағы ас әзірлейтін, дастархан жаятын, ұрпақ тәрбиелейтін нәзік жандар болғандықтан олардың бұл талаптарды білуі болашақ үшін аса маңызды. Қат мәселе төңірегіндегі маңызды бас қосуда елімізге белгілі исламтанушы Еркінбек Шоқай алғысөз сөйлеп, бұл тақырыптың қоғам үшін өзектілігіне тоқталды. Сонау ықылым заманнан адал асқа аса көңіл бөлген ата-бабаларымыздың тектілікті ту етіп, талай шапқыншылық пен қуғын-сүргіннен жойылып кетпей аман қалуы шариғат талаптарын тіршілігіне тірек етуінде екендігіне шолу жасады.
Ал семинар ашық сабаққа толыққанды ақпараттар әзірлеген „Қыз Жібек„ клубының мүшесі Меруер Тұяқова : Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүміндерге мейлінше харамнан сақтану керектігін өсиет еткен. Сондай-ақ, харам нәрселерді пайдалануда адамның ақиреті мен дүниесіне тиетін зияны мен қауіпі барын ескертіп, харамнан бойын сақтаған адамның екі дүниенің нығметіне кенелетінін сүйіншілеген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Халал рызық іздеу – мұсылмандарға парыз»,– дей келе:«Бір кісі қырық күн халалдан жесе, Алла Тағала ол кісінің жүрегін нұрландырады, жүрегіндегі хикметті тілінен ағызады»,– деп адал астың рухани тұрғыдан тазаруға қаншалықты пайдалы екенін айтатын деп, адал мен арам мәселесіне қатысты медициналық мәліметтерді алға тартты.
Ал осы шараға арнайы шақырылған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының „Халал Даму„ЖШС-нің технолог маманы Адиля Шамшетова ханым: „Әлемде «Халал» өнімге деген сұраныс күн санап артып келеді. Оны ғаламның 122 мемлекетінде өмір сүретін 1,5 миллиард мұсылман тұтынады. 2005 жылы халал өнімнің жылдық айналымы 5 миллиард долларды құраса, қазір 4 триллион долларға жеткен. Халал стандарты бойынша Дүниежүзілік сауда ұйымына кіретін «Total Global Halal industries» атты құрылым бар. Аталмыш құрылымның жұмысын жүргізіп отырған ел – Малайзия. Мәселен бұл елде шығарылатын өнімнің 95 пайызы халал„-деп халал төңірегінде жан-жақты мәліметтермен таныстырды. Арнайы слайдтармен бүгінгі дүкендерден сатып алатын тағамдарымыз жайлы ақиқатты жайып салды.