Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

15 наурыз 2017

78

Жаңалықтар

Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ: ХАЛАЛ СЕРТИФИКАТ БЕРУДЕГІ МАҚСАТ НЕ?

Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ,

ҚМДБ Халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі,

«Халал Даму» ЖШС-ның директоры

                                                                        

ХАЛАЛ СЕРТИФИКАТ БЕРУДЕГІ МАҚСАТ НЕ?

Адамзатқа Жаратушының пайдалануға рұқсат еткен нәрселері «Халал» болып табылады. Раббымыз Құран Кәрімде:

«Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» - деп бұйырады («Бақара» сүресі, 2/168);

Дінімізде халал, харам ұғымдарын әр нәрсеге телуге рұқсат жоқ. Бұл үкімдерді беру Аллаға ғана тән, сондай-ақ шариғат ілімін игерген ғұламалардың берген үкімімен болатынын ескеру керек.

Ешкімнің «мынау нәрсе маған пайдалы, ендеше, бұл халал болуы керек, мынау нәрсе пайдасыз, ендеше, харам болуы керек» деуге хақысы жоқ.

Ұлы Құдірет Иесі Құран Кәрімде:

«Өз тілдеріңнің жалғаны мен қателіктерін Алла Тағалаға таңып, «мынау халал, мынау харам» деп айтпаңдар. Аллаға өтірік жала жапқан боласыңдар. Шындығында, Алланың атынан өтірік айтатындар құтылмайды» («Нахыл» сүресі, 16/116) деп, қатал ескерту жасаған.

Адам баласы ненің адал, ненің арам екенін дөп басып ажырата алмайды. Міне, сондықтан да шариғатымызда халал да, харам да анық көрсетілген. 

Халал ұғымы ең әуелі мұсылмандардың сенім мәселесінде маңызды орын алады. Дініне берік әрбір мұсылманның тұрмысы мен іс-әрекеттері, ішіп-жеуі, өмір сүруі халалмен тығыз байланысты. Мұсылмандардың діни құндылықтары ескерілмей, халал сөзінің кәсіпкерлердің кәсібін дамыту құралына айналып кетпеуі тиіс.

Қазіргі таңда азық-түліктерді күрделі жолмен әзірлейтін түрлі өнімдер мен қоспалар бар. Мұндай әртүрлі қоспалар әрбір мұсылманды күмәнға салары хақ. Осы орайда зерттеу ісімен айналысатын арнайы мамандардың көмегіне мұқтаждық туындайды. Міне, сондықтан да, халал стандарттау саласының атқаратын қызметі маңызды.

Исламда  күмәнді нәрселерден бойды аулақ ұстап, ұқыптылық таныту бұйырылады.

Әбу Абдулла Нуғман ибн Башир (р.а.): «Мен Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Ақиқатында, халал (нәрселер) белгілі және харам (нәрселер) белгілі. Ал, бұлардың (халал мен харам) арасында адамдардың көпшілігі білмейтін шүбәлі нәрселер бар. Шүбәлі нәрседен сақтанған адам өз дінін және өз абыройын (сақтау) үшін (одан) арылады. Ал, шүбәмен айналысушы адам харамға да баратын болады. Өйткені, ол әне-міне кіріп кеткелі тұрған қойларын қорық маңында бағып жүрген шопанға ұқсайды. Әр патшаның өз қорығы бар. Алла Тағаланың қорығы—адамдарға тыйым салған нәрселері. Ақиқатында, адам денесінде бір кесек ет бар, ол жақсы болса, бүкіл дене жақсы болады. Ол жаман болса, бүкіл дене де жаман болады. Шын мәнінде, ол—жүрек»,—дегенін естідім»,—деген (Бұхари, Мүсілім).

Хазіреті пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Мен үйге келгенімде төсек үстінде құрма жатыр екен. (Алдымен) оны жемек болып қолыма алдым. Бірақ (құрма) садақа ретінде әкелінген бе деген күмәнмен одан бас тартамын (Алла елшісі садақаға берілген асты жемейтін, бірақ басқаларға рұқсат берген)»,-деген. (Бұхари, Мүсілім).

Қазіргі таңда халал өнімдерді сертификаттайтын ұйымдардың қызметі осы күмәнді нәрселердің анық-қанығын ажыратып, нақты шешімін табу болмақ.

Сол секілді, елімізде халал сертификаттаумен айналысып жатқан мұсылмандардың қара шаңырағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы болып табылады. Сертификаттау жұмыстарына облыс өңірлерде арнайы тағайындалған өкілдер, ҚМДБ-ның пәтуә бөлімі, білікті технолог, қадағалаушы мамандары атсалысады. Өнімдердің құрамында шариғатқа қайшы келетін заттардың бар-жоғын анықтау үшін ҚМДБ заманауи технологиямен жабдықталған арнайы ғылыми зертханалармен тығыз байланыста жұмыс жасайды.

Халал өнімдері діни тұрғыда ғана емес, сонымен қатар заманауи экологиялық талаптарға және медицина мамандарының талаптарына да жауап береді. Мәселен, Ислам шариғатында доңыз, өлексе, қан және т.б. лас, зиян келтіретін заттарды жеуге немесе қандайда бір өнімге қосуға тыйым салынған.

Алла Тағала Құранда «Мәида» сүресінің 5 аятында:

«Бүгін сендерге жақсы нәрсе халал етілді», - десе, «Ағраф» сүресінің 157 аятында:

 «Жақсы нәрселерді халал, жаман нәрселерді харам қылады», - деп халал нәрселер адамның игілігі үшін ғана екендігін айқындап берген.

«Халал» таңбасы халықаралық деңгейде сенімділік пен қауіпсіздік нышанына айналған, тіпті Исламнан басқа да дін өкілдері тарапынан үлкен сұранысқа ие болып отыр.

Халал өнімдерді импорттау және экспорттау үшін оның халал екендігіне кепілдік беретін арнайы ресми мекеменің сертификаты болуы өте маңызды. Ол сертификатты беруші мекеме сенімді ұйым болуы шарт.

Бөлісу: