DIZZY МЕН RED BULL ІШУГЕ БОЛА МА? (сұрақ-жауап)
Сұрақ: Әс-сәләму алейкум уә рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ! Күнделікті жастардың қолынан Диззи сусынын көреміз. Алайда оның 0 (нөл) проценттік түрі бар сол сусынды ішуге бола ма ? Рахмет. Жамбыл.
Жауап: Уағалейкумуссалам!
Жамбыл, бір сусынды шариғатқа теріс дей алуымыз үшін мас ететін ерекшелігінің болуы немесе адам денсаулығына тигізер залалының болуы тиіс. Қазіргі таңда диззи сынды энергетикалық сусындардың адам денсаулығына тигізер зиянының бар екендігін мамандар айтуда. Сол себептен, мұсылман адам мұндай сусындарға әуес болмағаны жөн.
Бұл жайында мамандар былай дейді:
Қадырбек ЕСІМОВ, дәрігер-педиатр: – Энергетикалық сусындар адам ағзасына өте қауіпті. Оны күнделікті пайдалануға болмайды. Егер адам оны жиі қолданса, оның жүйке жүйесінің қызметіне нұқсан келтіреді. Тіпті оны сырамен бірге ішсе, адамды бірден мас қылады. Бұл сусындар бастапқыда спортпен шұғылданатын адамдарға белгілі бір күш-жігер қажет болғанда қолдануға ұсынылған болатын. Алайда қазір мұны жастар да, мектеп оқушылары да жиі пайдаланып отыр.Сәуле ДИҚАНБАЕВА, медицина ғылымының докторы, профессор: – Бір өкініштісі, бұл сусындардың адам денсаулығына кері әсері бар екеніне нақты дәлелдер келтіріп шырылдаған дәрігер мамандардың жанайқайы да, осы мәселе жөніндегі халық қалаулыларының депутаттық сауалы да сөз жүзінде қалып отыр. Осы тұста «адам денсаулығына зиянды сусындардың сатылуына тыйым салынбауының сыры неде?» деген сауалдың туындауы заңды. Бұл сыр әлі күнге құпия күйінде қалып отыр. Қалай десек те, энергетикалық сусындардың адам денсаулығына зияны шаш етектен. Мұны біз емес, мамандар айтып отыр[1].