ҚҰРАМЫНДА СПИРТІ БАР ИІССУЛАРДЫ ҚОЛДАНУҒА БОЛА МА?
Ләззәт ханым, Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Шындығында, харам да, халал да анық. Олардан басқа, (адал-арамдығы) белгісіз күмәнді мәселелер де бар. Адамдардың көбі олардың харам не халал екенін біле бермейді. Ал күмәнді нәрселерден бойын аулақ ұстағанның діні мен ары таза болмақ[1]»,- дейді. Ендеше, мүмкіндік болса құрамында спирті жоқ иіссуларды себуге тырысыңыз. Қазіргі таңда мұндай спиртсіз иіссуларды іздесеңіз, оңай табасыз.
Ал, құрамында спирті бар иіссуларды қолдануға келер болсақ, оны кейбір ғалымдар дұрыс емес дейді. Олар: «Спирт те мас қылатын ішімдіктер тәрізді нәжіске жатады. Сондықтан, құрамында спирті бар парфюмерия немесе косметика сияқты заттарды қолдану намазға кедергі келтіреді[2]», – деген уәжді алға тартады.
Әйтсе де, ондай иіссуларды себінуге рұқсат дейтін ғалымдар да жоқ емес. Олар нәжісті екіге бөліп қарастырады. Біріншісі қан, зәр іспетті киімге немесе денеге тисе, намазға кедергісі бар табиғи нәжіс. Екіншісі, пұт, темекі сияқты денеге тисе намазға кедергісі жоқ рухани нәжіс. Олар: «Спиртті ішу – харам. Десе де, денеге немесе киімге тисе намазға кедергісі жоқ, яғни рухани нәжіс санатынан» дегенді айтады[3]. Яғни, спиртті әтірге араластыруға, медициналық мақсатта т.б. қолдануға болады. Намазға ешқандай кедергісі жоқ. Ал, оны жүзім шарабына теңеп, табиғи нәжіс деу күмәнді. Өйткені, Маида сүресіндегі арақты «нәжіс» деген аяттың мағынасын «жек көріңішті әрекет» деп түсінуге де болады[4]. Алайда бұл, спиртті ішуге болады деген сөз емес[5]» деген тоқтамға келген.
Бұл тұжырымды Ханафи мәзһабындағы ғалымдар да құптайды. Өйткені, Әбу Ханифа мен Әбу Юсуфтің (р.а.) сөзіне қарағанда: үлкен дәрет, зәр, қан сияқты нәжістер қатарына тек Құранда аты аталған жүзімнен жасалған шарапты ғана жатқызамыз[6]. Ал бұдан өзге мас қылатын ішімдіктерді ішуге тыйым салынғанымен, денеге немесе киімге тиіп кетсе, намазға кедергісі жоқ» [7]. Ханафи мәзһабының ғұламасы Мухаммад Захид әл-Кәусәри (1879-1951ж)[8] туысына жолдаған хатында Әбу Ханифа мен Әбу Юсуфтің осы қағидаларына сүйене отырып былай дейді: «спирт» Әбу Ханифа (р.а.) бойынша «нәжіс» емес. Имам Ағзамның осы сөзі көп жерде тығырықтан шығарады. Спирттің әтірге қосылып, киімге себілуі намазға ешқандай кедергі тудырмайды»[9].