Доңыз бен есектің етін не үшін харам етті?
Алла Тағала шошқа етінің харам екендігін Құранда былай баяндайды:
قُل لَّآ أَجِدُ فِي مَآ أُوحِيَ إِلَيَّ مُحَرَّمًا عَلَىٰ طَاعِمٖ يَطۡعَمُهُۥٓ إِلَّآ أَن يَكُونَ مَيۡتَةً أَوۡ دَمٗا مَّسۡفُوحًا أَوۡ لَحۡمَ خِنزِيرٖ فَإِنَّهُۥ رِجۡسٌ أَوۡ فِسۡقًا أُهِلَّ لِغَيۡرِ ٱللَّهِ بِهِۦۚ فَمَنِ ٱضۡطُرَّ غَيۡرَ بَاغٖ وَلَا عَادٖ فَإِنَّ رَبَّكَ غَفُورٞ رَّحِيمٞ
«(Уа, Пайғамбар!): «Маған уахи етілгеннің ішінде азықтанған жанға өлік, аққан қан, шошқаның еті – өйткені ол лас нәрсе немесе Алладан өзге үшін шалынған пасықтықтан [малдан] басқа нәрсенің харам етілгенін таппадым» деп айт. Ал кім тыйымға қарсы шықпай әрі шектен аспай (харамды жеуге) мәжбүр болса, онда Раббың – Аса Кешірімді һәм Мейірбан!»[1].
Ал есектің еті туралы Жәбірден жеткен риуаятта ол былай дейді: «Хайбарды алған күні Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үй есегінің етін жеуге тыйым салып жылқы етін жеуге рұқсат етті» (аль-Бухари 4219, Муслим 1941).
Доңыз және есек етінің харам болуының негізгі себебі нәжістігінде, ластығында. Мұның өзі тыйым салуға жеткілікті.
Алла Тағала Құранда былай дейді: وَيُحِلُّ لَهُمُ ٱلطَّيِّبَٰتِ وَيُحَرِّمُ عَلَيۡهِمُ ٱلۡخَبَٰٓئِثَ ...
«Оларға жақсы нәрселерді халал етіп, лас нәрселерді харам ететін»[2].
Ибн Кәсир кейбір ғалымдардың сөзін жеткізіп былай дейді: «Алланың халал еткен нәрселерінің әрбірі жақсы саналады әрі ол адам баласының ағзасы мен дініне пайдалы. Ал әрбір харам еткен нәрсесі лас есептеледі әрі ол адам ағзасы мен дініне зиян келтіреді»[3].
Ендеше шошқа мен есектің еті лас әрі адам ағзасына зиян болғандықтан харам етілген. Алла толық білуші.
[1] «Әнғам» сүресі, 145-аят.
[2] «Ағраф» сүресі, 157-аят.
[3] Ибн Кәсир, «Тәфсиру әл-қурани әл-Азим», 2/264.