JAKIM «Халал Даму» ЖШС-ны аккредитациядан өткізуді жоспарлауда
Мамыр айының 4-ші жұлдызында Малайзияның астанасы Куала-Лумпур қаласының JAKIM-ның (Малайзиядағы исламды дамыту департаменті) жаңа ғимаратының қабырғасында халал стандарттау аясында кездесу өтті. Бұл басқосуға ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС директоры Б.Мырзагелдиев және JAKIM-ның Бас директорының орынбасары Датук Мұхаммед мырза мен JAKIM Халал Хаб бөлімі директорының бас көмекшісі Мұхаммед Наим қатысты.
Сөз кезегінде Б.Мырзагелдиев ең алдымен Датук және Мұхаммед мырзаға ҚМДБ-ның Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының ыстық сәлемін жеткізіп, халалды дамытуда қолдау-көмектері үшін алғысын білдірді. Сұхбаттасу барысында JAKIM-нің өкілдері ҚМДБ-ның жұмыстарымен жіті танысып, олар өз кезегінде халал индустриядағы жылдар бойғы тәжірибелерімен бөлісті. Нәтижесінде JAKIM ҚМДБ-ның «Халал Даму» ЖШС-ның жұмыс деңгейін жоғары бағалады және оны аккредитациядан өткізу турасында ұсынысты қабыл етті. Ендігі кезекте Малайзиядан «Халал Даму» ЖШС-ның қызметкерлеріне аудит, тренингтер, семинарлар өткізу үшін арнайы мамандар келеді деп күтілуде.
Айта кетейік, JAKIM – Малайзиядағы исламды дамыту департаменті, халал индустрияда тәжірибесі аса мол, әрі әлемде халал сертификаттаумен айналысатын ұйымдарды аккредитациядан өткізетін беделді орган болып табылады.
ҚМДБ Халал өнімдерін стандартту бөлімі