Павлодарда Халал өнімдерін стандарттау бағытында дәріс өткізілді (ФОТО)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Халал өнімдерін стандарттау бөлімінің маманы Амангүл Әбілдинованың қатысуымен Павлодар облысы өкілдігі қала, аудан имамдары, облыстағы танымал кәсіпкерлердің басын қосып облыстық «Достық» үйінде дәріс ұйымдастырды.
Дәріс халал өнімдерге қатысты шариғи талаптар мен халал өнімді стандарттаудың бүгінгі күндегі өзекті мәселелері жөнінде өрбіді. Мұндағы мақсат осыған орай кәсіпкерлер мен дін қызметкерлерінің білімін жетілдіру.
Алмагүл Әбілдинова дәрісте: «Бүгінде еліміздегі әр облыста халал өнім өндіретін кәсіпорынның жұмысы шариғат талаптарына қаншалықты сай екенін анықтап, бақылап отыратын өкілдер бар. Сондықтан, әр имам мен тауар өндіруші кәсіпкерлер халал өнімге қойылатын талаптар мен шарттарды жетік білуі тиіс»,-деді. Сонымен қатар дәріске қатысушыларға Халал стандарт бөлімінің өкілі аталған бөлімнің тыныс-тіршілігі, бағыт-бағдары жөнінде мағлұмат берді.
Аталмыш шарада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Исенов Нариман, ҚМДБ Павлодар облысы бойынша «Халал өнімдерін стандарттау» бөлімінің өкілі Казбек Какеновтар бұл игі іске атсалысудың қаншалықты маңызды екеніне тоқталып, алғысын жеткізді.
«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі