ҚАЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ ХАЛАЛ БӨЛІМІНІҢ АЙЛЫҚ ҚОРЫТЫНДЫ ЖИНАЛЫСЫ ӨТТІ
Бүгін Алматыда ҚМДБ Қажылық және Халал өнімдерін стандарттау бөлімі қызметкерлері мен Қажылық миссиясының өкілдерімен жиналыс өткізді. Аталмыш кездесуге ҚМДБ Қажылық және Халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Әліпбекұлы, ҚМДБ "Tawaf travel" ЖШС қажылық компаниясының директоры Жәнділлә Бекжігітов, ҚМДБ-ның ғаламтормен жұмыс бөлімі меңгерушісі Мұрат Абдыхалықов және бөлім қызметкерлері қатысты.
Басқосуда Қажылық миссиясының өкілдері Қажылық кезінде кеткен кемшіліктерді түзеу немесе болдырмау шаралары мен миссияның жұмысын жетілдіру жұмыстарын талқылады.
Биыл елімізден 2500 азамат қажылық парызын орындап қайтты. Қажыларға 16 турфирма қызмет көрсетті. 13 адамнан құралған Қажылық миссиясы қажылық барысын ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарын жүзеге асырды.
«Биылғы қажылық сәтті өтті деуге болады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен бекітілген миссия мүшелері ұйымдастыру-үйлестіру, уағыз-насихат, пәтуа, медициналық көмек, ақпарат-насихат тобына бөлініп, әр топ өзіне жүктелген тапсырмалар мен бағыттар бойынша жұмыс жасады. ҚМДБ тарихында тұңғыш рет Бас мүфти бастамасымен «Tawaf travel» қажылық компаниясы ашылды. Компанияның ашылу салтанатында ҚМДБ төрағасы мәлімдегендей, «Tawaf travel» өзге турфирмаларға қызмет көрсету, уағыз айту, түсіндірме жұмыстарын жүргізу жағынан үлгі болатын жетекші қажылық компаниясына айналуы тиіс. Осынау талап-деңгейден көріну мақсатында «Tawaf travel» алғаш рет 300 қажыға қызмет көрсетті. Мүфтияттың төл турфирмасы үшін еліміздің таңдаулы имамдары мен қажылық саласында тәжірибесі мол гид мамандар таңдап алынды. «Tawaf travel» қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеру мақсатында 10 гид маманын жауапкершілігі жоғары маусымдық жұмысқа жұмылдырды. Қажылық, шын мәнінде, туристік сапар емес – ұлы құлшылық, қасиетті сапар екендігі жан-жақты түсіндірілді», – деп атап өтті Бейбіт Мырзагелдиев.
Сонымен қатар, Халал өнімдерін стандарттау бөлімінің алдағы атқарылатын жоспары мен айлық қорытындысы талқыланды. Атап айтқанда:
1. «Халал Даму» ЖШС-ны Малайзияның «Jakim» ұйымының аккредитациясынан өткізу;
2. Халал стандарттау бойынша оқулықтар дайындау;
3. Елордамыз Астана өңірінде Халықаралық жәрмеңке ұйымдастыру;
4. Сертификатқа ие болған кәсіпорындарды бақылау жүйесін күшейту және т.б.
Айта кетсек, қазіргі таңда ҚМДБ-ның бақылауына алынып, халал сертификатын алған кәсіпорындардың саны 130-ға жетті. Жалпы тексеріліп жатқан кәсіпорындардың саны – 174. Соның ішінде, Алматы қаласы бойынша «Тағам асханалар» желісі 4 жерде, Астана қаласы бойынша «Тағам асханалар» желісі 3 жерде, Алматы қаласы бойынша «ÇIÇEK-МАНГАЛ» желісі 2 жерде, Алматы, Астана қалалары бойынша Озюрт желісі 5 жерде және ҚР бойынша «КФС» желісінің жалпы саны – 33 жерде шоғырланған.
Жиын барысында бөлім меңгерушісі Қажылық және Халал стандарттау бөлімінің қызметкерлері мен Діни басқарма басшыларына жаңа тағайындалған мамандарды таныстырып өтті.