ҚМДБ: АЛМАТЫДА ХАЛАЛ ЖӘРМЕҢКЕ ӨТІП ЖАТЫР (ФОТО)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Халал Даму» ЖШС-і құрылғаннан бері халал жәрмеңке арзан бағамен екінші рет өтіп отыр. Шараға Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы арнайы қатысты.
«Бүгінгі жәрмеңке алдағы уақытта Қазақстанның барлық аймақтарында да өткізілетін болады. Мұндай шараны аптасына бір рет өткізуді жоспарлап отырмыз. Халал өнімін халыққа жеткізу, дамыту Діни басқарманың бір міндеті. Халал әр жанұяда болу керек. Мұсылманның дұға тілегі қабыл болу үшін, оның намаздары толық болу үшін ең бірінші халал ас тұтыну керек. Міне, осы мақсатта «Халал» бөлімін ашып, бүгінгі таңда жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Облыстардағы өкілдер осы халал бойынша жұмыс жасап жатыр. Біздің сертификатымызды алған кәсіпорындарымызды күнделікті қадағалап отырған мамандарымыз бар. Барлық өндіріс ошақтарына алғыс айтамын. Бүгінгі жәрмеңкеміз сәтті өтсін» деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Жәрмеңкеге 31 кәсіпорын өз өнімдерін сауда сөрелеріне қойған. Келушілерге ет пен сүт өнімдері, кондитерлік және азық-түлік тауарлары ұсынылды.
Халықтың халал өнімге сұранысы жоғары. Оны жәрмеңкеге келген халықтың қарасынан байқауға болады.
Келушілер ешқандай қоспасыз адал өнімді молынан алып қалуға тырасты. Себебі, жәрмеңкеге қойылған тауарлардың барлығы – табиғи таза, құнарлы, сапалы өнімдер.
«Шұжық өнімдерін алдым. Өнімдердің бағасы қол жетімді. Әрі халал деген белгісі бар. Халыққа да керегі осы. Осы жәрмеңке жиі ұйымдастырылып тұрса деймін» деді Әрсен Байбосын.
Жәрмеңкеде сатылған өнімдердің бағасыда, сапасыда халықтың көңілінен шықты. Халық базардан 1000 теңгеге алатын шұжықты 750, 800 теңгеге, ал, сиыр етін – 1200, 1300 теңгеден сатып алды.
Еліміздің әр өңірінен келген халал кәсіпорындар сауда сөресіне ет пен сүт өнімдерін, кондитерлік тауарлар мен сусындардың сан түрін қойды. Жәрмеңкеге косметикалық өнім өндіретін компаниялар да қатысуда. Солардың бірі – Қазақстанда алғашқы қатты сабын өндіруші кәсіпорын «Адал плэнт» ЖШС. Өндірісошағы өнімдерін «Sulu» деген атпен шығарады. Компанияның іргесі 2013 жылы қаланған. Олар «Халал» сертификатын алғандарына 2 жыл болған.
«2016 жылы «Халал» сертификатын алдық. Барлық зертханалардың тексеруінен өттік. Өнімдеріміздің барлығы табиғи, таза өнім. Нәтижелері өте керемет. Еліміздегі супермаркеттерде, базарларда саудамыз жақсы жүріп жатыр. Діни басқарманың бастамасымен үлкен істер атқарылып жатыр. Кәсіп орынымыздың мақсаты елімізге таза, табиғи, халал өнім ұсыну» деді компанияның коммерциялық директоры Ерген Сейсебаев.
Шара соңында Бас мүфти «Халал» бөлімінің өңірлердегі өкілдері мен халал кәсіпорындардың басшыларымен кездесіп, алғыс хатпен марапаттады.
Қазіргі уақытта «Халал Даму» ЖШС-ның сертификатын алған 150-ден астам кәсіпорын бар. Жәрмеңкені алдағы уақытта әр өңірде апта сайын ұйымдастыру тұру жоспарланып отыр.
Әсет Бектұр